Риддерде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында 200 дана сібір шыршасының көшеттері отырғызылды. Шараға мұрындық болған Батыс – Алтай мемлекеттік табиғи қорығы. Бастамаға мектеп оқушылары мен еріктілер қатысты.
Риддерде өткен экологиялық акция жүзге жуық белсенді азаматтың басын біріктірді. Тұрғындар қылқан жапырақты ағаштарды отырғызып, қаланы көгалдандыруға өз үлестерін қосты. Іс-шара табиғатты қорғау ұйымдарының қолдауымен жүзеге асып, өңірдің жасыл қорығын сақтау мен көбейтуге бағытталған.
Серікжан Баянбаев, Батыс-Алтай мемлекеттік табиғи қорығы директорының орынбасары:
Осы қалада 2 орман шаруашылығы бар. Бірі ботаникалық бақтың алынып отырған көшеттері, осы спонсор ретінде жіберіп отыр, атап өткен орынды деп ойлаймын. Неге десеңіз, олар өздерінің берген питомниктерде өсіріп, өндіріп, бізге бүгінгі күнде қалада Айдарханова көшесінде отырғызуға мүмкіндік беріп отыр.
Мектеп оқушысы Кирилл Тырышкин түрлі экологиялық акцияларға белсенді қатысады. Туған жерін көғалдандыру мәселесіне бей – жай қарамайды. Ол шырша көшеттерін отырғызып, тағы да өз үлесін қосты.
Кирилл Тырышкин, шараға қатысушы:
Мен осындай акцияларға алғаш рет қатысып отырған жоқпын. Қала көгалдандыруға көмектесу үшін келдім. Менің ойымша, мұндай акциялар жастардың басын қосуға, қаланың және еліміздің экологиясын жақсартуға септігін тигізеді. Бүгін мен үш шырша отырғыздым, ал бұған дейін осы қалада екі шырша отырғызған болатынмын, енді барлығы бес шыршам болды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай акциялар жасыл қорды қалпына келтіруге және экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған. Ағаш отырғызу қалалық ортаны абаттандыру бойынша жүйелі жұмыстың бір бөлігіне айналды.
Аяулым Усинова