Өскеменде «Заң мен тәртіп - қауіпсіз әрі тәрбиелік білім беру ортасының негізі» атты облыстық құқықтық форум өтті. Жиында балалардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Басқосуға мемлекеттік органдар өкілдері, педагогтер мен құқық қорғау саласының мамандары қатысты.
Форум алаңында бүгінгі қоғам үшін аса маңызды мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, балалардың құқықтарын қорғау, олардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру және қауіпсіздік ережелері жан-жақты талданды. Облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Әлима Ақылбек өңірде құқықтық тәрбие жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Әлима Ақылбек, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:
Бүгінгі форум Шығыс Қазақстан облысындағы негізі білім беру мекемелеріндегі педагогтері, құқық қорғау органдарының өкілдері, сонымен бірге мүдделі органдар өкілдерімен бірлесе өткізіп отырмыз. Себебі барлығымызға белгілі, біздің заң және тәртіп қағидаты, бұл білім мекемелеріндегі оқушылардан басталады. Ол оқушыларға деген тәрбиемен білімді беру бірінші кезекте педагогтерден басталады. Сондықтан бізде атқарылған жұмыстар туралы форумда өзіміздің тәжірибемізбен тәжірибелерімізбен бөлісетін боламыз. Соған байланысты қорытындылар қабылдайтын боламыз.
Шара барысында Жандос Қоңыров жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесіне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі таңда балалардың құқықтық сауаттылығын арттыру қоғам қауіпсіздігінің негізгі кепілі.
Жандос Қоңыров, ШҚО прокуратурасы 3-басқармасының бастығы:
Тәрбие ол отбасынан басталады, бірақ дегенмен, балалар әр күн сайын көп уақыт мектебінде өткізеді. Осы мектептер аясында біз осы тәрбие жұмысын одан әрі нығайтуға тырысуымыз қажет. Және негізгі бұл мәселелерде балаларды әкімшілік жауапкершілікке тартылудан қорғау, оларға өзінің кейінгі қателіктерінің болмауына жол бермеуді түсіндіру.
Форум қорытындысында қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, алдағы жұмысты жүйеледі. Басты назар - балалардың қауіпсіздігі.
Бекарыс Секен