Соңғы жылдары жас аналардың балаларын вакцинациялаудан бас тарту жағдайлары жиілеген. Мамандар мұның басты себептерінің бірі – әлеуметтік желілерде таралған түрлі ақпараттардың әсері екенін айтады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды. Дегенмен мамандардың сөзінше, екпеден бас тарту балалардың түрлі жұқпалы ауруларға шалдығу қаупін арттырады.

Екпе салу кезінде бір жасқа дейінгі, мектепке жасындағы балалар мен жасөспірімдерге және қауіп тобына жататын адамдарға ерекше көңіл бөлінеді. Яғни, екпе салу жұмыстары бала дүниеге келген сәттен басталады. Нәрестелерге алдымен туберкулез бен В гепатитіне қарсы вакцина егіледі. Бүгінгі таңда медицина қызметкерлері балаларды қауіпті аурулардан қорғау үшін түрлі шаралар жүргізіп келеді.

Айжан Комшабаева, Облыстық денсаулық сақтау басқармасының ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы:

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің өңірлік департаменті бірлесіп түрлі жұмыс жүргізуде. Облыстық штаб аясында иммунопрофилактика, эпидемияға қарсы шаралар және жұқпалы аурулардың алдын алу мәселелері тұрақты түрде талқыланып келеді.

Медицина ұйымдарының мамандары аналармен тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Оның ішінде семинар, дөңгелек үстелдер жиі ұйымдастырылады. Осындай жұмыстардың нәтижесінде жыл сайын екпеден бас тартқан ата-аналардың шамамен 20 пайызы балаларына екпе салуға келісім береді. Сонымен қатар, вакцинаға қарсы көзқарастағы ата-аналарға вакцинацияның тиімділігі туралы мәліметтер ұсынылады.

Фатима Тілейханқызы