Облыста енді мүгедектік алуға үміткер «дербес деректері жасырылған» науқастарға куәландыру жүргізіледі. Жоба 2021 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің ШҚО бойынша департаментінің өкілдері хабарлады.
Науқасты емхана арқылы жолдаған кезде оның жеке деректері толықтай құпия болып саналады. Аты-жөні, туған күні, тұрғылықты мекенжайы мен байланыс ақпараты алынып тасталады. Бұдан кейін құжаттар автоматты түрде жүйе арқылы іріктелген еліміздің үш өңіріндегі білікті мамандардың қарауына ұсынылады. Жүргізілген сараптама нәтижесінде бірыңғай қорытынды жасалып, соның негізінде көрсетілетін қызметтің нәтижесі рәсімделіп, электрондық цифрлық қолтаңба арқылы бекітіледі. Мұндай тәсіл адами фактордың ықпалын барынша төмендетіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуға мүмкіндік береді. Себебі әр өңірдегі мамандар қаралымдағы құжаттардың нақты кімге тиесілі екенін білмейді.
Наталья Литке, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің ШҚО бойынша департаменті басшысының м.а.:
Шығыс Қазақстан облысы бойынша медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдері арқылы (қазіргі таңда олардың саны екеу) мүгедектікті белгілеу, еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесін анықтау немесе қосымша әлеуметтік көмек шараларына қажеттілікті айқындау жөніндегі мемлекеттік қызметтер көрсетіледі. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында аталған мемлекеттік қызмет 1608 қызмет алушыға ұсынылды. Бұл қызметтердің қатарына мүгедектікті алғаш рет белгілеу де, сондай-ақ жеке оңалту бағдарламасын әзірлеу де кіреді.
Науқастар туралы ақпарат құпия болғандықтан, мамандар арасында жеке ықпал ету мүмкіндігі болмайды. Бұл қабылданатын шешімдердің әділ әрі бейтараптығын қамтамасыз етіп, жүйенің ашықтығын арттырады.
Аяулым Усинова