Глубокое кентінде «Айзада» би ұжымының 10 жылдығы аталып өтілді. Осы уақыт ішінде ол шағын топтан ауданның танымал шығармашылық бірлестіктерінің біріне айналды. Мерейтойлық концерт Абай атындағы мәдениет үйінде ұйымдастырылды.

Бүгінде ұжымда жас ерекшеліктеріне сай төрт топқа бөлінген оқушылар би үйреніп жүр. Абай атындағы мәдениет үйінің директоры Жанат Еркебұлан ұжымның басты миссиясы – ұлттық дәстүрлерді сақтау және қазақ халық биін насихаттау екендігін айтады.

Жанат Еркебұлан, Абай атындағы мәдениет үйінің директоры:

10 жыл деген аз уақыт емес. 10 жылда талай жас жеткіншектер, балалар түлеп ұшты десек те болады. Бұл енді ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, болашақ жасөспірімдерге патриоттық сезімін дәріптеуде үлкен бір дәріс беретін орта деп ойлаймын.

Ұжым жетекшісі Гүлжанат Талғатбекқызы «Айзада» би ұжымы алғашында небәрі сегіз оқушыдан басталғанын айтты. Алғашқы нөмір қазақтың халық биі «Шашу» биінен басталған. Аталған биді ұжым 2016 жылы облыстық байқауда ұсынған. Сол уақыттан бері репертуарларының ауқымы кеңейіп, ұжым көпжанрлы деңгейге жетті. Бүгінде сахнада қазақ, татар, үнді, қытай және заманауи билер орындалады.

Гүлжанат Талғатбекқызы, «Айзада» би ұжымының жетекшісі:

10 жыл болды. Ата-аналарыма алғысым шексіз. Балаларымды қолдап, айтқан костюмдеріме дейін тігіп береді. Басқа жаққа байқауға апарғанға бізді қолдап, жақында Астана қаласында болып келдік «Бала шабыты» байқауында. 1-2ші орын алып кіші топпен бардық.

Ұжым мүшелері бұл сабақтар тек сахна ғана емес, өздерін толық ашуға берілген мүмкіндік дейді. Жас биші Гүлвира Ақылбекова сахнада өнер көрсеткенді ұнататынын айтып, ұстазының үйретуі мен қолдауы үшін алғыс білдірді.

Гүлвира Ақылбекова, «Айзада» би ұжымының қатысушысы:

Мен кішкентай кезімнен 2 класымнан бері би билеймін. Кішкентай кезімнен бері би билеу ұнады. Содан анам мені би үйірмесіне берді. Содан бері мен «Айзада» орта тобының билеушісі боламын.

Райана Дәулетхан — орта топ бишісі, ұйғыр, қытай және татар билерін еркін орындайды. Ол биге 2-сыныптан бастап қатысады.

Райана Дәулетхан, «Айзада» би ұжымының қатысушысы:

Мен Гүлжанат Талғатбекқызына өте ризамын. Ол бізді көптеген сахналарға шығарып, көп билерді үйретті.

Сондай-ақ, мерекелік шарада жас биші Махаббат Манарбек би ұжымына және ұстазына алғысын білдірді.

Махаббат Манарбек, «Айзада» би ұжымының қатысушысы:

Құрметті Гүлжанат апай! Сізді бүгінгі күніңізбен құттықтаймын. Барлық жақсылықты тілеймін. Сіз мейірімдісіз, ақылдысыз, рахмет сізге бізге биді үйреткеніңіз үшін!

“Айзада” би ұжымының түлегі Айдана Исабаева биге төрт жыл бойы қатысқанын айтып, осы кезеңге қатысты естеліктерімен бөлісті.

Айдана Исабаева, «Айзада» би ұжымының түлегі:

Біз үшін өте ыстық. Айзаданың 10 жылдық концерті құтты болсын. Өте көп естеліктер болды. Біз Айзада би ұжымында қазақтың ұлттық билерін үйрендік және де басқа да ұлттарды биледік.

“Айзада” би ұжымының мерейтойлық концерті шығармашылық пен ұлттық мәдениетті ұштастырып балалардың басын бір арнаға тоғыстырды.

Аяулым Усинова