Глубокое ауданында кекушин будокай каратеден алғаш рет аудан біріншілігі өтті. Дүбірлі додаға Өскемен қаласынан келген команда да қатысып, жалпы саны 120-дан астам спортшы бақ сынады. Жарысқа 5 жастан 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер бірнеше және салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті.
Өңірде карате спорты қарқын алып, салауатты өмір салтын ұстанған жастардың қатары жылдан-жылға көбейіп келеді. Глубокое ауданында да бұл бағыттағы жүйелі жұмыс жолға қойылған. Жаттықтырушылар жас спортшылардың шеберлігін шыңдап, үлкен спортқа баулып келеді. Қолға алынған аудандық біріншілік сол еңбектің нақты нәтижесін көрсеткен маңызды бәсеке алаңы.
Дмитрий Аксенов, «KFKO» РҚБ ШҚО бойынша филиалының директоры:
Глубокое ауданы қарқынды дамып келеді. Мұнда спортшылар саны да, үйірмелер де жеткілікті. Белоусовка, Глубокое, Березовка, Предгорное, Алтайский сынды елді мекендерде жаттықтырушылар жүйелі жұмыс істеп жатыр. Соның нәтижесінде облыс құрамасына мықты спортшылар қосылуда. Олар республикалық жарыстарда жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Мәселен, жақында Қостанайда өткен Қазақстан кубогында үш бірінші орынды иелендік. Қазір үздік спортшылар халықаралық жарыстарға қатысуға мүмкіндік алуда.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, осындай ауқымды спорттық шаралар карате спортының өңірдегі дамуына тың серпін бермек.
Данияр Мұсанов, каратеден жаттықтырушы (Белоусовка кенті):
Сайысқа 5 жастан 15 жасқа дейінгі спортшылар қатысуда. Салмақ дәрежелері де әр түрлі. 15 келіден бастап 60 келі және одан жоғары салмақ санаттарын қамтиды. Белоусовка кентінен менің командамнан 22 спортшы қатысып отыр. Қазіргі таңда 6 спортшы татамиге шығып, олардың 5-еуі келесі кезеңге жолдама алды. Алдағы уақытта да бар күшімізді салып, жақсы нәтиже көрсетуге тырысамыз.
Бұл спортқа ерте жастан қадам басқан өрендер бүгінде үлкен жолды еңсеріп, талай жарыста топ жарып жүр. Солардың қатарында Нариман Мыңғатов та бар. Ол үшін әрбір жарыс – жай бәсеке емес, өз мүмкіндігін сынап, тәжірибе жинақтайтын маңызды белес.
Нариман Мыңғатов, спортшы:
Мен 9 жасымда Қазақстан чемпионатына қатысып, екінші орын алғанмын. Қазір жаттықтырушыма көмектесіп жүрмін. Ең үлкен мақсатым – қара белбеудің 5-дан дәрежесіне жету. Қазір екі белбеу қалды. 18 жасқа дейін осы мақсатқа жетемін деп үміттенемін.
Меруерт Мыңғатова, Н.Мыңғатовтың анасы:
Ұлым каратэмен 6 жасынан бері айналысады. Қазір 15 жаста, яғни бұл спортқа келгеніне 9 жыл болды. Осы уақыт ішінде түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, тәжірибе жинады. Спортта жеңіс те, жеңіліс те қатар жүреді. Сол кезде ата-ана мен жаттықтырушының қолдауы маңызды. Әр жеңіліс – тәжірибе, ал тәжірибесіз жетістікке жету қиын.
Турнир соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен, медальдармен және кубоктармен марапатталды.
Нұртас Қайролдаев