Президент Қасым Жомарт Тоқаев бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы бүгінде үлкен бір халықтық жобаға айналды. Облыс халқы да бұл шарадан қалыс қалмай, алғашқы күннен бастап белсенділік танытып келеді. 25 сәуір күні акция аясында ел аумағында жалпыхалықтық сенбілік ұйымдастырылды. Мемлекет басшысының қатысуымен өткен телекөпір барысында аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов өңірде атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, есеп берді.

Акцияның негізгі мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру, азаматтарды табиғатты аялауға, қоршаған ортаны қорғауға шақыру. Бұл күні облыс орталығында бір мезетте 180 гектарға жуық аумақ тазартылып, жүздеген ағаш егілді. Бастамаға мемлекеттік құрылымдармен қатар қоғамдық ұйымдар да белсенді атсалысты.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Соңғы жылдары облыс елдімекендерінде 250 мыңға жуық ағаш отырғызылса, орман алқаптарында 40 миллион көшет егілді. 30 мың тонна қоқыс шығарылып, 7 мың гектар аумақ тазартылды. «Мөлдір бұлақ» бастамасы аясында 200-ден астам бұлақ пен өзен тазартылды. Биыл елдімекендерді қоса алғанда 18 миллионға жуық көшет отырғызылады. Өр Алтай жұрты «Таза Қазақстан» жобасын жоғары деңгейде іске асыруға бар күш-жігерін жұмсайды.

Бірыңғай тазалық күні облыс бойынша 100 мыңнан астам адам сенбілікке қатысты. Оның 25 мыңы ірі кәсіпорын қызметкерлері. Мәселен, 300 жуық қызметкер Үлбі Металлургия зауытының аумағына 100 шақты шырша мен шетен ағашының көшеттерін екті.

Сергей Бежецкий, «Үлбі металлургия зауыты» АҚ басқарма төрағасы:

Үлбі металлургия зауыты қоршаған ортаға әсерін азайтып, өндіріс тиімділігін арттыруда. Кәсіпорында ауа тазарту жүйесі жұмыс істейді, оның тиімділігі 99 пайызға дейін жетеді. Жыл сайын 30 000 астам талдау жүргізіледі. Сондай-ақ, төгінділерді бақылау жүйесі енгізіліп, оның деректері қоғам үшін ашық әрі қолжетімді. Бұған қоса, су ресурстарын пайдалану 40 пайызға қысқартылды. Бұл – өңір экожүйесін сақтауға қосылған нақты үлес. Біз қоғамдық экологиялық бастамаларға белсенді түрде қатысамыз, екі жыл ішінде 20 мыңнан астам ағаш отырғыздық және 22 экологиялық акция өткіздік.

Телекөпір барысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Тазалықтың тірегі – тәрбие. Балаларды экологиялық мәдениет пен еңбекке мектеп жасынан баулу қажет» - деді. Осыған орай, Оқу-ағарту министрлігіне «Жасыл сабақтар» жобасын қабылдауды тапсырды. Бұдан бөлек жануарларға қамқорлық мәдениетін қалыптастыру туралы да айтты. Бастысы - әр азамат тазалық пен тәртіпті дәріптеп, табиғатты аялай білсе, экологиялық мәдениеттің қалыптасуына ықпал етері анық.

Салтанат Кеңесбекқызы