Облыста сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың жаңа тұжырымдамасын қалыптастыру бағытында нақты қадамдар жасалуда. Өскемендегі Достық үйінде өткен диалог алаңында қоғам өкілдері мен сала мамандары бас қосып, жаңа құжаттың мазмұны мен басым бағыттарын талқылады.
Жиын Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылды. Кездесуге жергілікті атқарушы органдар, жастар ұйымдары, кәсіпкерлер мен азаматтық қоғам өкілдері қатысты. Жаңа тұжырымдама – бұл тек құжат емес, қоғамдағы әділдік пен ашықтық қағидаттарын нығайтуға бағытталған маңызды қадам дейді сала мамандары.
Ержан Айқымбеков, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ШҚО бойынша департаментінің басшысы:
Мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік сектор, мәслихат депутаттары мен қоғам өкілдерінің қатысуымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың жаңа тұжырымдамасына ұсыныстар талқыланды. Қолданыстағы құжаттың мерзімі биыл аяқталатындықтан, келесі кезеңге арналған нақты шараларды айқындау маңызды. Кездесу барысында мемлекеттік сектор мен квазимемлекеттік ұйымдардағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері қаралды. Барлық ұсыныстар жинақталып, Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне жолданатын болады.
Диалог алаңында қатысушылар қолданыстағы мәселелерді ашық талқылап, нақты ұсыныстарын ортаға салды. Негізгі мақсат – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімді тетіктерін қалыптастыру.
Айдос Әділбеков, Облыстық жастар ресурстық орталығының директоры:
Бізге қазір жастардың өздерінің қатысуымен, өмірлік мысалдармен жастарға қызықты болатын, яғни олар тыңдап қана отырмайтын, жастар өз ұсыныстарын айта алатын, форматтарды еңгізу бойынша өз ұсыныстарымызды енгізіп отырмыз. Насихаттау жұмыстарын тек мемлекеттік органдардың өкілдері ғана емес жастардың өзі, түсіндіре алатындай деңгейдегі ұсыныстарымызды жеткіздік. Одан бөлек цифрландыру бағытында да айтылып жатыр. Бұл бағыттың өзінде де кей бір мәселелерде мемлекеттік қызметтердің барлығын цифрландыру арқылы алатын болсақ, соны жастарға басқаша қандай форматта жеткізе аламыз. Бұдан бөлек Заң мен тіртіп бойынша қандай жұмыстарыды ілгерілетуге болады, өз ұсыныстарымызды айттық.
Әрбір ұсыныс жаңа тұжырымдаманың мазмұнын байытып, оны тәжірибеде тиімді жүзеге асыруға негіз болмақ. Айта кету керек, мұндай диалог алаңдары өңірлерде кезең-кезеңімен өткізіліп келеді. Жиында айтылған ұсыныстар алдағы уақытта жаңа тұжырымдаманы әзірлеу барысында ескерілмек. Жаңа құжат – сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жетілдірудің және қоғамда адалдық мәдениетін қалыптастырудың маңызды тетігі болмақ.
Нұртас Қайролдаев