Күршім ауданындағы Николай Островский атындағы №4 орта мектептің оқушылары «Altai» телеарнасына арнайы келіп, журналистика саласының қыр-сырымен танысты. Кездесу барысында жас өрендер ақпарат жинау, сұхбат алу, мәтін жазу, оны көрерменге сауатты жеткізудің негізгі тәсілдерін меңгерді.

Міржақып Дулатовтың «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің өзі де мықты» деген сөзі бүгінгі күні де өзекті. Ақпарат ағыны қайнаған заманда «ALTAI» телеарнасы ресми әрі сенімді дерек көзіне айналды. Жедел жаңалық пен жинақы дерек арнаның басты қағидасы. Осы ретте, телеарна мамандары Күршімнен келген бір топ оқушыларға журналист еңбегінің жауапкершілігі мен маңызын түсіндіріп, эфир алдындағы дайындық кезеңдерін көрсетті. Жас шәкірттер студия жұмысын көзбен көріп қана қоймай, өздерін тележүргізуші ретінде сынап көруге мүмкіндік алды. Оқушылардың арасында журналистика саласын таңдап, болашақта осы бағытта білім алғысы келетіндері де бар.

Ақерке Мақсатқызы, мектеп оқушысы:

Алтай телеарнасына таңғы бағдарлама болатын жерге келіп, өз отырып, өзім сұхбаттасқан болатынмын. Өте бір керемет әсер алып отырмын. Енді бұйырса болашақта осы жерге келіп, өзім тәлім тәжірибе алып осы жерде оқу деген арманым бар.

Ислана Советбекова, мектеп оқушысы:

Бұл жердің маған ұжымы маған қатты ұнады. Өте қызықты. Менің ойым басқа мамандық болған, бірақ бұл жерге келіп ойым өзгерді. Сондықтан бұл жерге түсу бір арманым деп ойлаймын.

Бүгінде облыстың бірнеше мектебінде медиа сыныптар жұмыс істейді. Күршімнен келген «Жас журналист» үйірмесінің де басты мақсаты сол, оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытып, кәсіби мамандардан кеңес алу.

Мирас Құмарғалиев, «Жас журналист» үйірмесінің жетекшісі:

Көптеген нәрсені үйреніп жатырмыз, көріп жатырмыз. Балалардың көңілінен шығып жатыр. Біздің келген балалар жоғарғы сынып оқушылары болғандықтан олардың алдағы болашақ мамандықтарын таңдауына үлкен сеп болады деген үмітіміз бар. Алтай арнасына үлкен алғыс білдіреміз.

Мұндай тәжірибеге толы кездесулер оқушылардың қызығушылығын оятып, мамандық таңдауына бағыт-бағдар берері сөзсіз.

Бекарыс Секен