Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының XXVIII сессиясы өтті. Жиында өңір әкімі Нұрымбет Сақтағанов, аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын саралап, алдағы кезеңнің басым бағыттарын баяндады. Соңғы төрт жылда облыстың жалпы өңірлік өнімі 1,5 есеге өсіп, 5 триллион теңгеге жеткен. Экономикаға 838 миллиард теңге инвестиция тартылған. Бұдан бөлек, өткен жылы 407 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріліп, 29 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Қазір өңірде 101 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бюджет 98 пайызға орындалып, негізгі қаржы әлеуметтік сала мен инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.

Аймақ басшысы атап өткендей, өңір экономикасының негізгі қозғаушы күші шағын және орта бизнес. Бүгінде бұл салада 153 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Мемлекеттік қолдау көлемі жыл сайын 80 миллиард теңгеден асады. Туризм саласы да қарқынды дамып келеді. Өткен жылы бұл бағытқа 21,5 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылып, туристер ағыны 9 пайызға артқан. Қазіргі таңда қонақүйлер, туристік кешендер мен көлік инфрақұрылымын салу жобалары жүйелі түрде жалғасуда. Ал 2026-2030 жылдарға арналған даму жоспары экономиканы әртараптандыру, өңдеу саласын, туризм мен цифрлық шешімдерді дамытуға бағытталған бірқатар нақты шараларды қамтиды.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

2025 жылы 60 миллиард теңгеге 8 жоба жүзеге асырылды. Олардың қатарында Алтай май зауыты мен бірқатар агроөнеркәсіптік нысандар бар. Ал ағымдағы жылы 142 миллиард теңгеге 27 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарлануда. Ірі жобалардың қатарында Восток маш завод кәсіпорындары, Риддер қаласында қайта өңдеу зауытын салу, Глубокое ауданында май өндіру жөніндегі жобаны пайдалану беру. Жалпы, мұндай жобаларды жүзеге асыру облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірдің инвестициялық белсенділігін арттыруға оң әсер етеді.

Аймақта цифрлық трансформация қарқынды дамуда. Бұл туралы облыстық мәслихат сессиясында цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Қайрат Бимағамбетов мәлімдеді. Өңірде жасанды интеллект энергетика, қауіпсіздік, экология және білім беру салаларында кеңінен қолданылып жатыр. Қазірдің өзінде 23 жылу нысанына арнайы датчиктер орнатылып, 5900-ден астам бейнебақылау камерасы жұмыс істеуде.

Қайрат Бимағамбетов, Облыстық цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы:

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында қоқыс шығару, жол жөндеу және қар тазалау жұмыстары цифрландырылды. GPS пен фотофиксация қолданылады. Бұл ашықтықты қамтамасыз етіп, мердігерлерді бақылауға мүмкіндік береді. Энергетика саласында 23 нысанда жылу көздері онлайн режимде бақыланып отыр. Сонымен қатар, 109 кол-орталығы мен әлеуметтік желілер біріктірілген бірыңғай өтініштер жүйесі жұмыс істейді. Жасанды интеллект арқылы тұрғындардың өтініштері талданып, негізгі мәселелер анықталады.

Облыстық мәслихат отырысында бюджет игерілуіне де баға берілді. Жалпы инвестиция көлемі 800 миллиард теңгеден асса, аграрлық секторда 41,5 миллиард теңгеге 6 жоба іске асырылған.

Бекарыс Секен