Облыс орталығында қосылған құн салығының артық сомасын қайтарудың жаңа мүмкіндіктері түсіндірілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен жиында облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері мәлімдеді.
Жаңартылған Салық кодексі аясында қосылған құн салығының артық төленген сомасын қайтарудың жеңілдетілген тәртібі кеңейтілді. Бұған дейін бұл мүмкіндік тек белгілі бір талаптарға сай келетін шектеулі салық төлеушілер тобына ғана берілетін. Енді салықтың артық сомасын қайтару салықтық тексерусіз, тәуекелдерді басқару жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Бұл рәсімді едәуір жеңілдетіп, қайтару мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді.
Асхат Жiбiтаев, ШҚО бойынша мемлекеттік кiрicтер департаментi басшысы орынбасарының м.а.:
Жаңадан қабылданған Кодексте оңайлатылған тәртіпте қайтарылатын қосымша құн салығын қайтаруға құқығы бар салық төлеушілердің саны көбейіп, оны қолдану аясы кеңейтіліп отыр.
Салықтарды, төлемақыларды және айыппұлдарды төлеуді кейінге қалдыру – салық төлеушіге берешекті төлеу мерзімін алты айға дейін шегеру мүмкіндігін береді. Бұл ретте салық сомасы кейін біржолғы төлем ретінде толық көлемде өтеледі. Ал бөліп төлеу тәртібі бойынша берешек тең үлестермен кезең-кезеңімен, ай сайын немесе тоқсан сайын, 36 айдан аспайтын мерзім ішінде төленеді.
Сайран Уәлибекова, ШҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің дәрменсіз борышкерлермен жұмыс басқармасының басшысы:
Банкроттық рәсімін жүргізу кезінде банкроттық белгілері анықталған жағдайда, қандай да бір заң талаптарын орындамаған жағдайда банкроттық,субсидиарлық жауапкершілік қарастырылған.
Заңды тұлғалардың банкроттығы 2014 жылғы 7 наурызда қабылданған Қазақстан Республикасының «Оңалту және банкроттық туралы» Заңымен реттеледі. Банкрот деп тану рәсімі ерікті және мәжбүрлі түрде жүзеге асырылуы мүмкін. Ерікті тәртіпте борышкердің өзі сотқа өтініш береді, ал мәжбүрлі тәртіп кредиторлардың талаптары негізінде қозғалады. Егер борышкердің міндеттемелері сотқа өтініш берілген күнге және өтініш берілген жылдың басына оның мүлкінің құнынан асып кетсе, мұндай жағдай тұрақты төлем қабілетсіздік ретінде танылады. Мамандардың айтуынша, банкроттық рәсімі тек кәсіпорынды жабу құралы ғана емес, сонымен қатар кредиторлар алдындағы берешекті реттеп, экономикалық айналымның тұрақтылығын қамтамасыз ететін құқықтық тетік болып саналады.
Аяулым Усинова