“Атамекен” ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бастамасымен елімізде дәстүрлі оқыту семинарлары жалғасуда. Бұл жолы кәсіпкерлерге арналған кезекті кездесу Өскеменде өтті. Іс-шараға жиналған бизнес өкілдеріне «Алтын сапа» байқауына қатысу тәртібі жан-жақты түсіндірілді.

Ұйымдастырушылар байқаудың ережелері, өтінім беру жолдары мен есеп жазу талаптарын егжей-тегжейлі баяндады. Семинар барысында кәсіпкерлермен жеке жұмыс жүргізіліп, әр кәсіпорынның құжаттары мен есептері талданды. Сонымен қатар, өткен жылдардың жеңімпаздары шақырылып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Олар байқауға қатысу барысындағы маңызды кезеңдер мен табысқа жетудің тиімді жолдарын айтып берді.

Берік Байсалбаев, «Силумин-Восток» ЖШС өкілі:

Өткен жылы біз «Алтын сапа» байқауына қатысып, «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша сыйлыққа ие болдық. Бұл біз үшін үлкен жетістік, өйткені биыл компаниямызға 25 жыл толып отыр. Біз жобалаудан бастап толық өндіріске дейін отандық жабдықтарды шығаратын кәсіпорынбыз. Сонымен қатар, өнеркәсіп орындары үшін кешенді шешімдерді енгізіп келеміз.

Айта кетейік, «Алтын сапа» байқауы ірі, орта және шағын бизнес өкілдері арасында өткізіледі. Байқауда бірнеше номинация мен арнайы сыйлықтар қарастырылған. Жоба аясында қатысушыларға халықаралық стандарттары бойынша кеңес беріліп, есеп әзірлеуде жиі кездесетін қателіктер түсіндірілді.

Мерей Исаева, «Атамекен» ҚР ҰҚП Республикалық конкурстарды ұйымдастыру жөніндегі басқарушы директор:

Бекітілген жоспарға сәйкес жылдың басында осындай кәсіпорындармен кездесіп, кері байланыс алып, кәсіпорындар есеп жазғанда қандай қате жібереді критерилар жазғанда қалай ашып жазу керек кәсіп орын басшылары келіп және есеп жазатын мамандары келіп, European Foundation for Quality Management стандарттары бойынша толық ақпарат беріп отырамыз.

Мамандардың айтуынша, мұндай семинарлар кәсіпкерлердің сапа менеджментін жетілдіріп, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.