«Айтас» ЖШС аймақтағы маңызды сауда-өндірістік компанияларының бірі. Ұжымда қызмет етіп жүрген нәзік жандылардың еңбегі ерең. Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов кәсіпорынға арнайы ат басын бұрып, мұндағы әйелдер қауымын 8 наурыз мерекесімен құттықтады.

Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов 8 наурыз халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында түрлі салада еңбек етіп жүрген өңірдің әйелдер қауымын құттықтады. Аймақ басшысы әйелдер қауымы отбасының ұйытқысы болып қана қоймай, елдің әлеуметтік-экономикалық даму жолында маңызды рөл атқаратындықтарын айтты. Соның бірі - ұзақ жылдар бойы тұтынушыларды жоғары сапалы өнімдерімен қамтамасыз етіп жүрген «Айтас» ЖШС өндіріс орыны.

Динара Жанәділова, «Айтас» ЖШС сапа қызметінің басшысы:

Біздің кәсіпорында шұжық өнімдері, дайын ет тағамдары өндіріледі. Мұнда шамамен 140 әйел еңбек етеді. Олар шикізатты дайындау мен өнімді қаптау сияқты маңызды жұмыстарды атқарып, өндірістің сапасы мен тұрақтылығына үлес қосып келеді.Бүгін облыс әкімі Нұрымбет Аманұлы арнайы келіп, ұжымды құттықтауы біз үшін үлкен құрмет әрі ерекше қуаныш болды.Осы мүмкіндікті пайдаланып әріптестерімді,аруларды 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін. Өмірлеріңіз қуаныш пен бақытқа толы болсын!

Айшат Атантаева жетекші технолог болып жұмыс істейді. Ол сапалы өнімдерді шығаруға өз үлесін қосып жүрген жандардың бірі.

Айшат Атантаева, «Айтас» ЖШС жетекші технологі:

Мен бұл кәсіпорында шұжық өндірісінің технологі ретінде 9 жылдан астам уақыт еңбек етіп келемін. Негізгі міндеттерімнің бірі –нарыққа жаңа өнімдер шығару. Бұл жұмысты шығармашылық үдеріс деп айтуға болады. Өйткені өндірісте біз үнемі жаңа өнімдер жасап, түрлі тәжірибелер жүргізіп, зерттеулер арқылы олардың сапасын жетілдіреміз.Жалпы, бұл сала өте қызықты әрі жауапты. Осындай ірі өндірістік холдингтің бір бөлігі екенімді сезіну мен үшін үлкен мәртебе. Өндірістің дамуына өз үлесімді қосып жүргеніме қуаныштымын.

Күн сайын осы өндірісте еңбек етіп жүрген әйелдер тек кәсіпорынныңғана емес, елдің тұрақты дамуына өз үлестерін қосып келеді.

Сая Жарасқызы