Республикалық референдумға санаулы күндер қалды. Тарихи маңызы зор бұл күнді ұйымдастыру және өткізу мәселелері бойынша арнайы кеңес өтті. Кездесуге жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Михаил Бортник қатысты.
Жиында дауыс беруді ұйымдастырудың негізгі кезеңдері мен сайлау инфрақұрылымының әзірлігі қаралды. Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Михаил Бортник аймақтағы дайындық жұмыстарының қазіргі барысымен танысты. Дауыс беру учаскелерінің инфрақұрылымын жетілдіру бағытында атқарылып жатқан шаралар жөнінде ақпарат алып, бірқатар тапсырма берді.
Михаил Бортник, Орталық сайлау комиссиясының мүшесі:
Өңірде 547 референдум комиссиясы жұмыс істейді. Олардың ішінде 533 учаскелік комиссия және 14 аумақтық комиссия бар. Дәл осы комиссияларға референдумды өткізу миссиясы жүктелген. Бұл комиссиялардың жұмысы жергілікті атқарушы органдарға, сондай-ақ күштік құрылымдар органдарының қолдауына сүйенеді. Сондықтан бүгін біз сіздерді осы жұмысқа қатысу үшін шақырып отырмыз.
Кеңесте дауыс беру құқығына ие азаматтардың тізімін қалыптастыру және нақтылау мәселесіне, сондай-ақ ақпараттық сервистердің тиімді жұмыс істеуіне ерекше назар аударылып отырғаны айтылды. Бұл сервистер арқылы тұрғындар өздерінің референдумға қатысушылар тізіміне енгізілген-енгізілмегенін тексере алады. Сонымен қатар, халықты ақпараттандыру жұмыстары түрлі коммуникациялық арналар арқылы жүргізіліп жатқаны атап өтілді.
Бектас Серіков, облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары:
Электрондық қызметтер орталығының порталында және **Digital East** мобильді қосымшасында «Өз сайлау учаскеңді тап» сервисі іске қосылды. Саяси науқанға алғаш рет қатысатын азаматтарға символикалық сыйлықтар табысталады. Сондай-ақ сауда нүктелері, шағын жәрмеңкелер мен музыкалық сүйемелдеу ұйымдастырылады. Референдумды дайындау және өткізу мәселелері ерекше бақылауда, жұмыстар жалғасуда.
Жиында референдумды заң талаптарына толық сәйкес өткізіп, барлық рәсімдердің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету маңызды екені айтылды. Мемлекеттік органдарға халықты кеңінен ақпараттандыру жұмыстарын күшейту тапсырылды.
Қымбат Иманғали