Елімізде азаматтық және қызметтік қарудың айналымына қойылатын талаптар күшейтілді. Мәселен, қару иесі белгіленген мерзімде қаруды бақылау атысына ұсынбаса, қаруды иеленуге берілген рұқсаттың әрекеті тоқтатылуы мүмкін. Жаңа ережелерді өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында сала мамандары түсіндірді.

Өзгертіулерге сәйкес, азаматтық және қызметтік ойық ұңғылы қару иелері қаруды белгіленген тәртіппен бақылау атысына ұсынуға міндетті. Бұл қарудың сәйкестендірілуін қамтамасыз ету және бақылауды күшейту мақсатында жүргізіледі.

Абзал Күзембаев, ШҚО ПД қару айналымын бақылау және табиғатты қорғау полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:

Мысалы 16 бап бойынша қару иелерінің құқықтары мен міндеттері. Құқықтары: қаруды иелену, сыйға тарту және мұраға қалдыру, қаруды сақтау. Негізгі міндеттері қаруды тіркеу тасымалдау ережелерін сақтау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, полиция қызметкерлерінің кіруіне мүмкіндік беру, тұрғылықты жеріне қаруды қайта тіркеу, әр 5 жыл сайын тестілеуден өту.осы тармақшаға толықтырулар енгізілген.

Өткен жылы өңірде қару айналымы саласында 103 құқықбұзушылық анықталған. Ал биыл бұл көрсеткіш 106-ға жеткен.

Орал Рыспаев, ШҚО ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы:

Заңды тұлғаның қызметі тоқтатылған жағдайда, оның иелігіндегі қару мен оқ-дәрілер 10 жұмыс күні ішінде ішкі істер органдарына сақтауға тапсырылуы тиіс. Қару айналымына қатысты мемлекеттік қызметтерді көрсету тәртібіне бірқатар өзгерістер енгізілді. Енді азаматтар лицензиялар мен рұқсаттарды электронды үкімет порталы арқылы онлайн түрде ала алады. Өтініштер электронды түрде қабылданып, қажетті мәліметтердің бір бөлігі мемлекеттік дерекқорлардан автоматты түрде алынады.

Мамандардың айтуынша, цифрландыру сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін айтарлықтай азайтады.

Қымбат Иманғали