Облыс орталығында Үлкен Нарын ауданының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Өз өнімдерін алты ауылдық округтің шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлері ұсынды. Қала тұрғындары сапалы тауарларды нарықтық құннан 12-15% арзан бағамен сатып алды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жәрмеңкеге 700 келіден астам жылқы еті, 2 тоннаға жуық сиыр еті, 300 келі қой еті әкелінген. Сондай – ақ басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерінің кең түрі жеткізілген. Тауарлар ветеринарлық және санитарлық бақылаудан өткен.
Бағжан Бидахметов, Үлкен Нарын ауданы әкімінің орынбасары:
Жәрмеңкеге бізде алып келген жылқы еттері, қой еттері, қымыз сүт өнімдері. Жәрмеңкедегі баға халыққа қолжетімді болады. Нарықтағы бағадан 12-15%-ға жеңіл.
Мұнда, жылқы етінің бір келісі 4300 теңгеден, ал сиыр еті мен қой еті 3800 теңгеден саудаланды. Сатып алушылар бағаның тиімділігін ғана емес, өнімнің жоғары сапасын да атап өтті. Сондай-ақ, ауданның ерекше өнімдері балдың да түр-түрі ұсынылды.
Гүлнара Мергенбаева, жеке кәсіпкер:
Өніміміз өте таза. Ауылдан келдікқой біз. Ауылдың өнімдері өте таза болып есептеледі. Сол себептен қалалық адамдарға соны әкеліп, өзіміздің арзан бағаға беріп жатырмыз. Өтім жақсы, рахмет қала тұрғындарына. Өзіміздің шаруақожалықтарына разымыз, әкімдерімізге разымыз. Осының барлығын орналастырып отырған.
Тұрғындардың айтуынша, жәрмеңке халық үшін тиімді. Келушілер жергілікті өнімдердің сапасына оң бағасын берді.
Альмира Сәбитова, қала тұрғыны:
Картошка алдық, бағасы жақсы, қолжетімді. Ет, май алдық. Халық үшін өте жақсы, рахмет, осылай келіп тұрғандарына. Халық үшін сауда алып келгендеріңізге көп рахмет.
Жәрмеңкеге қатысқан кәсіпкерлердің айтуынша, мұндай шараларды өткізу, тауар өндірушіге де, тұтынушыға да тиімді. Ауылшаруашылық өнімдерін дәл осындай форматта ұсыну қалада дәстүрге айналған.
Кәусар Идаятқызы