ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов нашақорлықтың алдын алу және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіру бойынша республикалық штабтың отырысын өткізді. Жиында Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Ішкі істер министрі Ержан Сәденов, Бас прокуратура, Әділет және Оқу-ағарту министрлігі, Жасанды интеллект пен цифрландыру министрлігінің өкілдері баяндама жасады. Отырысқа онлайн байланыс арқылы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов та қатысты.

Штаб отырысында есірткі қылмыстарының жолын кесу, заңсыз есірткі айналымына қарсы күрес тетіктерін цифрлық шешімдер арқылы жетілдіру мәселелері қаралды. Сондай-ақ кәмелетке толмағандар арасындағы нашақорлықтың алдын алу және жастардың есірткі қылмысына тартылуына жол бермеу бағытындағы жұмыстарға, әсіресе жазғы демалыс кезеңіндегі профилактикалық шараларға ерекше назар аударылды. Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-министр жауаптыларға бірқатар нақты тапсырма берді. Атап айтқанда, химиялық заттар мен зиянды өнімдердің елге әкелінуіне бақылауды күшейтіп, оларды тексеру тәртібін қайта қарау тапсырылды. Сонымен қатар, қылмыстық топтардың криптовалюта мен өзге де цифрлық құралдар арқылы жүзеге асыратын жасырын қаржылық операцияларына қарсы шараларды күшейту мәселесі көтерілді. Осыған байланысты уәкілетті органдарға криптовалютамен байланысты күмәнді қаржылық операцияларды анықтап, бұғаттауға арналған арнайы бағдарлама әзірлеу жүктелді. Премьер-министрдің айтуынша, жаңа технологиялардың кеңінен қолданылуына байланысты есірткі қылмыстарын тергеудің қолданыстағы әдістерін қайта қарау қажет. Бұдан бөлек, өңір әкімдеріне аймақтық штабтардың жұмысын жеке бақылауға алу тапсырылды.

Фатима Тілейханқызы