Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Зайсан ауданына жұмыс сапары барысында аумақтық қорғаныс әскери міндеттілерінің жиынының қорытынды кезеңіне қатысты. Зайсан әуежайы аумағында өткен тактикалық-арнайы оқу-жаттығуда жеке құрам мен әскери міндеттілердің үйлесімді іс-қимылы көрсетілді.

21-30 мамыр аралығында өткен оқу-жаттығу жиынына Зайсан ауданы аумақтық қорғанысының 10 батальонының 1 ротасы қатысқан болатын. Жиын барысында әскери міндеттілер тактикалық, атыс, медициналық дайындық және әскери топография бағыттары бойынша теориялық әрі практикалық машықтарын жетілдірді.

Нұрлан Кубашев, ҚР ҚК 99230 ә/б командирі:

Осы Зайсан қаласындағы бірінші рота 10 аумақтық батальонының арнайы тактикалық оқу жаттығуын тәмамдап жатырмыз. Оқу жатығуға Зайсан қаласында орналасқан азаматтар 5 офицер, 15 сержант, 58 сарбаздар осы жиынға қатысты. Жиынға қатысу барысында жауынгерлік дайындық сабақтарынан көптеген мәліметтер алды. Қортындылаушы күнде Зайсан қаласында орналасқан әуежайдың қорғанысын қамтамасыз ету туралы тапсырманы сәтті орындады.

Тактикалық-арнайы оқу-жаттығу барысында Зайсан әуежайына қауіп төндірген шартты лаңкестік топтың әрекетіне тосқауыл қойылды. Арнайы жасақ жүргізген операция нәтижесінде күдіктілердің жасырынған жері анықталып, олар тұтқынға алынды.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Бұл жиын Зайсан ауданы әкімдігінің қолауымен өңірде өткізіліп отыр. Жоғарғы деңгейде ұйымдастырылды. Оны біз мына қажетті жағдайлардың қамтамасыз етілгенін арнайы аралап көріп отырмыз. Жүйелі жұмыс пен ортақ істің нәтижесі көрініп отыр. Шын мәнінде бұл үлкен жауынгерлік даярлық курсы болды. Бұндай жиындар ел қауіпсіздігі мен отанға деген адал қызмет етудің жарқын көрінісі болады.

Он күнге созылған оқу-жаттығу жиыны әскери міндеттілердің кәсіби дайындығын нығайтып, бөлімшелердің үйлесімді іс-қимылын жетілдіруге бағытталды. Мамандардың сөзінше, мұндай жиындар ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дайын резерв күштерін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.

Зайсан ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов аудан жастарымен кездесіп, ашық диалог алаңында пікір алмасты. Кездесуде жастарды толғандырған өзекті мәселелер талқыланып, білім, кәсіпкерлік және жұмыспен қамту бағытындағы бастамаларға қолдау көрсету жолдары сөз болды.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Қандай ел, қандай мемлекет болмасын оның жарқын болашағы іскер, білімді, білікті адал жастарының қолында. Сондықтан да еліміздің бір ден бір үміті өздеріңіз. Сондықтан әрдайым өзімнің әріптестеріме, аудан қала әкімдеріне айтып отырамын, жастармен кездесіп отырыңыздар деп. Жастардың көңілін біліп отырыңыздар. Қандай ұсыныстар болса бірлесіп қарап, жұмыс жасау керек.

Жастар мұндай кездесудің маңыздылығына ерекше тоқталды. Олардың айтуынша, еркін форматтағы жүздесу жаңа идеяларды ортаға салып, өңірдің дамуына қатысты ұсыныстарды тікелей жеткізуге мүмкіндік берген.

Саягүл Серік, Зайсан ауданы «Жастар» ресурстық орталығының директоры:

Кездесу өте жақсы өтті. Яғни ашық диалог форматында. Жиынға 50 ге жуық жастар қатысты. Әр сала маман иелері болып табылады. Кездесу кезінде облыс әкімімен мен мәжіліс депутаты көптеген идеялар берді. Мотевациялық диалог алаңы болды. Жастар өздерінің ұсыныс пікірлерін ұсынды. Бұндай кездесулердің жиі болғанын қалайды Зайсан жастары.

Сондай-ақ сапар аясында облыс әкімі Зайсандағы Сауыр орта мектебінде ашылған Қазақ-Әзірбайжан достығы кабинетінің ашылуына қатысты. Жаңа білім беру алаңы оқушылардың таным көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға және жастарға халықаралық білім беру мүмкіндіктерін ұсынуға бағытталған.

Акиф Фатуллаев, «Buta Group» компаниясының өкілі:

Зайсанда ашылған Қазақ-Әзербайжан достығы кабинеті заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, дарынды жастарға жаңа мүмкіндіктер ашады. Сонымен қатар Әзербайжанның жоғары оқу орындарында білім алуға арналған гранттық бағдарлама іске қосылып, ол жыл сайын тұрақты түрде жалғасады. Жобаның жүзеге асуына қолдау көрсеткен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігіне ерекше ризашылығымды білдіремін. Бұл бастама екі елдің достығын нығайтып, жастардың жарқын болашағына жол ашады.

Жалпы, облыс әкімінің Зайсан ауданына жасаған жұмыс сапары өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, жастар саясаты мен білім саласындағы маңызды бастамаларды қамтыды. Кездесулер мен жүзеге асырылып жатқан жобалар ауданның әлеуетін арттырып, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған нақты жұмыстардың жалғасып жатқанын көрсетті.

Нұртас Қайролдаев