Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Тарбағатай ауданына да жұмыс сапарымен барды. Ол елдімекендегі бірқатар маңызды нысандарды аралады. Олардың қатарында медициналық мекемелер мен білім беру ұйымдары да бар. Сонымен қатар аймақ басшысы ұлттық спортты ұлықтауға арналған шараларға да қатысты. Толығырақ әріптесім Нұртас Қайролдаев тарқатсын.

Сапар аясында облыс әкімі консультативтік-диагностикалық емхана ретінде қызмет көрсетіп отырған медициналық мекеменің жұмысымен танысты. Мұнда тұрғындарға сапалы қызмет көрсету үшін қажетті жағдай жасалынған. Ғимарат кезең-кезеңімен жаңғыртылуда.

Айнұр Ахмолдина, Тарбағатай ауданының №2 аудандық ауруханасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары:

Біздің осы Ақжар ауылындағы фтизиопульманалогиялық емханасының ғимараты желтоқсан айында 2025 жылы балансқа алғанбыз. Алғаннан бастап көптеген жұмыстар жасалды қортынды дизинфекциялық жұмыстар жүргізілді. СЭС қортындысы алынып осы 10 мың шаршы метрге дизинфекция жасалды. Барлық тексерістен өткенен кейін Консультативті диагностика поликлиникасы көшіп келді.

Келесі кезекте Нұрымбет Сақтағанов Абай атындағы орта мектепке ат басын бұрды. Ғасырлық тарихы бар білім мекемесі бүгінде заманауи инфрақұрылыммен жабдықталған. Мұнда STEM зертханасы, телестудия, ART студия және басқа да инновациялық кабинеттер жұмыс істейді. Білім ордасы соңғы жылдары облыстық және республикалық деңгейдегі байқауларда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді.

Назигүл Әкібаева, Абай атындағы орта мектебінің директоры:

Мектебіміз толықтай материалдық техникалық базамен жабдықталған. Қазіргі таңда мектебіміз үздік ұйым атағына ие болып 29 млн гратын иеленді. Республика көлемінде тиімді ауыл мектебі атағына ие болған болатын. Мектепте білім сапасы 80 пайызды құрайды. Балаларымыз республикалық зертеу жобаларына қатысып жатыр. Үлкен жетістіктерге жетіп жатыр.

Сапар барысында Нұрымбет Сақтағанов мектеп жанынан ұйымдастырылған «Күншуақ» жазғы сауықтыру лагерінің ашылуына қатысты. Сонымен қатар білім ордасындағы телестудия жұмысымен танысты. Жас тілшілер облыс әкімінен шағын сұхбат алып, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Ауылдың балаларында қалаға қарағанда әрине жауапкершілігі көп. Біріншіден ауылдық жерде ата-анаға көмектесу керек, есіктің алды бар, қора-қопсығы, бау-бақшасы бар дегейндей. Сонымен қатар спортқа барып үлгеру керек. Бірінші кезекте бірақ оқуын өте жоғары, жақсы оқу керек.

Ақжар ауылындағы денсаулық сақтау және білім беру нысандарында соңғы жылдары жүзеге асырылған жобалар тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Заманауи инфрақұрылым мен қолайлы орта қалыптастыру жұмыстары ауылдық жерлердегі әлеуметтік саланың әлеуетін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.

Бұдан бөлек, облыс әкімі Ақжар ауылындағы ат спорты ипподромында өткен ардагерлер арасындағы ауданаралық ашық көкпар турнирін тамашалады. Ұлттық спортты дәріптеуге арналған додаға Тарбағатай, Зайсан, Күршім, Ұлан, Самар және Таврия аудандарынан келген тәжірибелі шабандоздар қатысты.

Асхат Дәкебаев, Тарбағатай құрама командасының ойыншысы:

Екі-үш жыл болды осы облыстық ардагерлерді ұмытпайық деп өткізіп отырмыз. Мұнда 70 ке келгендер бар. Арасында ең жасы мен болып тұрмын ішіндегі. Тарбағатай командасы былтыр чемпион болған Күршімде. Алла бұйыртса үміткерміз чемпион болуға. Тарбағатай құрама командасында 18 жасымнан бастап шабамын қазір 51 ге келдік. Қазір ақсақалдар арасында шабуылдаушыдан жерге ойнап тұрмын.

Ардагерлер көкпары ұлттық спорттың өміршеңдігін тағы бір мәрте айғақтады.

Нұртас Қайролдаев