Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Өскемендегі «Металлург» саябағында «Bubble party» атты мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды. Ауқымды шараға қала бүлдіршіндері, ата-аналар мен педагогтер қатысты. Шараны қала әкімдігі, мәдениет және білім бөлімдері бірлесіп ұйымдастырды.
Саябақта балақайларға концерттік бағдарлама көрсетіліп, балалар шығармашылық байқауларда бақ сынап, көңіл көтерді. Ал, сахнада қаланың қосымша білім беру ұйымдарында тәрбиеленіп жатқан өнерпаздар өнер көрсетті. Олар үздік вокалдық және хореографиялық нөмірлерін ұсынды. Концертті Балалар өнер мектебінің «Жұлдыз» вокалдық ансамблі «Бақытты балалық» әнімен ашты.
Қалалық білім бөлімінің басшысы Думанғазы Арғынғазиннің айтуынша, бұл мереке оқушылардың оқу жылындағы еңбегі мен жетістіктеріне арнайылап ұйымдастырылған шара.
Концерттен бөлек, саябақта ойын аймақтары ұйымдастырылды. Балалар өздерін құттықтай келген ертегі кейіпкерлерімен би билеп, көңіл көтерді.
Жанна Тюлюкова, Өскемен қ. білім бөлімінің әдіскері:
Балалар үшін түрлі ойын-сауық алаңдары ұйымдастырылды. Аниматорлар күні бойы қызықты ойындар өткізіп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын болады. Балалық шақ – бұл қуаныштың, шаттықтың, түрлі-түсті бояуға толы өмірдің кезеңі. Сондықтан, мұнда балақайлар түрлі-түсті бояулармен сурет салып, өз қиялдарын жүзеге асыра алады. Сонымен қатар, балаларға арналған су ойындары да қарастырылған. Баршаңызды Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтаймыз! Балаларымыз аман болып, бейбіт елде шат-шадыман өмір сүрсін!
Мерекелік концерттен кейін балақайларға балмұздақ таратылды.
Фатима Тілейханқызы