Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Қазақстанның Халық әртісі, театр және кино өнерінің көрнекті өкілі Лидия Кәденовамен кездесті. Басқосу барысында өңірдегі мәдениет пен өнерді дамыту, театр саласын қолдау және жас таланттарды тәрбиелеу мәселелері талқыланды. Аймақ басшысы актрисаның ұлттық өнерге қосқан үлесін атап өтіп, шығармашылық табыс тіледі.
Жиында аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов облыста мәдениет саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. Өңірде театр өнерін қолдау, жастардың шығармашылық әлеуетін дамыту, мәдени жобаларды жүзеге асыру жүйелі жүргізілуде. Өз кезегінде Лидия Кәденова ұлттық мәдениет пен өнердің қоғамдағы маңызына тоқталып, өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.
Лидия Кәденова, Қазақстанның халық әртісі:
Байқап тұрсам, қала өте жасыл әрі көрікті екен. Шынында да, Шығыстың табиғаты тамсандырады, кез келген жанды баурап алады.Баршаңызды біз ұсынатын спектакльдерге шақырамын. Көрерменге мазмұнды, сапалы қойылымдар әзірледік. Сондай-ақ, облыстағы орыс театрын 90 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Ұжымға шығармашылық табыс, толағай жетістіктер тілеймін.
Кездесу соңында облыс әкімі өңір тұрғындары атынан Лидия Кәденоваға қазақ мәдениеті мен өнерінің дамуына қосқан зор үлесі үшін алғыс айтып, кәдесый тапсырды.
Бекарыс Секен