Тақырыпты жалғастырамыз. Сондай – ақ облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов жұмыс сапарымен Тарбағатай ауданына да барып қайтты. Өңір басшысы Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған мерекелік іс-шараларға қатысып, бірқатар әлеуметтік нысандардың ашылу салтанатында болды. Бұдан бөлек, жастармен жүздесіп, ауданның қоғамдық-саяси және әлеуметтік өмірімен танысты.
Ақжар ауылында ұйымдастырылған концертке облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысып, бүлдіршіндер мен ата-аналарды мерекемен құттықтады. Шара аясында аудан тұрғындары үшін жаңа демалыс орны пайдалануға берілді. Жамбыл көшесі бойында орналасқан жаңартылған аллея заманауи талаптарға сай абаттандырылған. Енді тұрғындар осы арада бос уақытын тиімді өткізе алады.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Ақжар ауылындағы жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылу салтанатына да қатысты. Заманауи спорт нысаны ауыл тұрғындарының бұқаралық спортпен айналысуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Жаңа ғимаратта түрлі спорт секцияларын ұйымдастыруға және аудан жастарының спорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік қарастырылған.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Сіздерді осы қуанышты күнмен құттықтаймыз. Міне жас өрендеріміз тұр. Сіздерге айтарымыз спортпен шұғылданыңыздар, бірінші кезекте сабақты ұмытпаңыздар. Дені саудың жаны сау, сол себепті жаттықтырушыларды жақсылап тыңдап спорттың жоғары үлгісін көрсете беріңіздер.
Нұрымбет Сақтағанов аудан жастарымен кездесті. Еркін форматта өткен кездесуде білім беру, кәсіпкерлік, жұмыспен қамту және жастар бастамаларын қолдау мәселелері талқыланды. Өңір басшысы жастардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, олардың қоғамдағы белсенді рөлінің маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ жастарды жаңа идеялар мен жобаларды жүзеге асыруға шақырып, алдағы мақсаттарына сәттілік тіледі.
Тасқын Мажитов, Тарбағатай ауданы «Жастар» ресурстық орталығының директоры:
Нұрыбет Аманұлы мен Ерлан Бияхметұлы тарбағатай ауданына келіп аудан жастарымен арайы кездесу өткізді бұл жастарға үлкен серпіліс береді. Үйткені осындай ел ағаларымен көздесіп көз бе көз сөйлесіп пікір алмасуы жастардың ел болашағына бай жай қарамайтын үлкен бастама.
Тарбағатай ауданындағы жұмыс сапарының қорытындысында облыс әкімі ағаш отырғызу рәсіміне қатысты. Сонымен қатар «Amanat» партиясының аудандық филиалының жұмысымен танысты. Бұдан бөлек ауданның әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған бірқатар жобалардың жүзеге асырылу барысы қаралды.
Нұртас Қайролдаев