Аймақта балаларды қорғау күніне орай оқушыларға арналған ауқымды бағдарлама әзірленді. Бұл туралы облыстық білім басқармасы хабарлады. 30 мамыр күні аймақтан бес оқушы Ақордаға барып, Астана қаласына саяхат жасайды. Ал, 1 маусымда өңір әкімі Нұрымбет Сақтағанов дарынды оқушыларымен кездеседі. Осы күні талантты балалардың шығармашылық жұмыстарының көрмесі ұйымдастырылады. Өскемендегі басты мерекелік шара – облыстық филармонияда өтетін үлкен концерт болмақ. Онда өнерпаздар вокалдық, би және аспаптық нөмірлер ұсынады. Үздік қатысушылар дипломдармен марапатталады. Жалпы, Балаларды қорғау күніне орай өңірде 100-ден астам мәдени және ойын-сауық шарасы өтеді. Бұдан бөлек, облыста жазғы сауықтыру науқанына дайындық аяқталуға жақын. Бұл туралы облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Алима Ақылбек брифинг барысында мәлімдеді.

Облыс бойынша биыл оқу жылын 93 853 оқушы тәмамдады. Алдағы жазғы демалыс, сауықтыру және түрлі бос уақытты ұйымдастыру шараларымен оқушылардың 99,9 пайызын қамту жоспарланып отыр. Оның ішінде көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан барлық балалар кіреді. Жазғы демалыс кезінде облыста 12 қала сыртындағы сауықтыру орталығы, 276 мектеп жанындағы лагерь және қосымша білім беру ұйымдарында 226 бейінді алаң жұмыс істейді. Жазғы демалысты өткізуге екі мыңнан астам педагог маман тартылады. Олардың қатарында тәрбиеші, тәлімгер, қосымша білім беру педагогтері мен медицина қызметкерлері бар. Балалардың демалысын ұйымдастыруға колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттік педагогикалық жасақтары да көмектеседі. Сондай-ақ өңір үшін бірегей бағыт – су туризмі дамытылады. Облыстың 200 оқушысына Бұқтырма су қоймасында жайлы теплоходпен екі күндік танымдық тур ұйымдастырылады.

Әлима Ақылбек, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес «Қазақстан балалары» тұжырымдасы әзірленген болатын, іске асыратын боламыз.

Өңірде «Киелі Шығыс» жобасы да жалғасады. Жоба аясында интеллектуалдық байқаудың 150 жеңімпазы Шығыс Қазақстанның көрікті және киелі жерлеріне оқу-танымдық сапарға шығады. Бұдан бөлек, жаз мезгілінде он колледж базасында 550 оқушыға арналған кәсіптік бағдар беру демалысы ұйымдастырылады. Бағдарлама оқушыларды әртүрлі мамандықтармен таныстыруға бағытталған.

Фатима Тілейханқызы