Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен қала әкімі Алмат Ақышов өңірлік коалиция мүшелерімен бірге Өскемен арматура зауытына барды. Жиында коалиция өкілдері еңбек ұжымымен жаңа Конституция жобасын талқылап, негізгі өзгерістер мен толықтыруларды түсіндірді.

Өскемен арматура зауыты – өңірдегі ірі өндіріс орындарының бірі. Кәсіпорында қызметкерлердің қауіпсіздігі мен денсаулығына ерекше көңіл бөлінеді. Жұмысшылар тұрақты түрде медициналық тексерістен өтіп, қауіпсіз еңбек ету үшін арнайы оқыту курстары мен тренингтерге қатысады. Жаңа Конституция жобасының басты мақсаты да осы адами капитал, деді аймақ басшысы.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Қаншама заңгерлер бар, эксперттер бар барлығы бірлесе отырып қазіргі таңда керемет жақсы Конституциямыздың жобасы дайындалды. Ол жердегі басты қағидат әлбетте адам, оның өмірі, құқықтары сондықтан да мемлекеттің басты саясаты адамға жағдай жасау. Ол дұрыс айлық алу керек, денсаулығы жан-жақтан қорғалуы керек. Білім, ғылым, инновация осының барлығы Конституцияға енген.

Жаңа Конституция жобасында еңбек адамының құқықтарын қорғау, жастарды қолдау мәселелеріне де ерекше мән берілген.

Денис Рыпаков, өңірлік коалиция жетекшісі:

Бұрын Конституция көбіне ресурстарға, табиғи байлықтарды қорғауға негізделсе, қазір барлық баптар мен өзгерістердің негізгі назарында – адам, еңбек адамы тұр. Яғни, адами капиталды дамытуға басымдық беріледі, жастарды қорғау, жаңа цифрлық құқықтарды қамтамасыз ету көзделеді. Бұл Президентіміздің жылдар бойы жүргізіп келе жатқан реформаларының заңды жалғасы әрі логикалық қорытындысы.

Өткен жылы кәсіпорын өзінің жарты ғасырлық мерейтойын атап өтті. Қазіргі таңда мұнда заманауи технологиялар қызмет барысына енгізіліп, өндірістік процестер үнемі жетілдіріліп келеді.

Ильяс Адамов, «Өскемен арматур зауыты» АҚ Бас директорының м.а.:

Соңғы екі жылда біз өндіріс көлемін арттырдық. жылына шығарылатын ірі габаритті өнімдер саны 250 бірліктен 390 бірлікке дейін өсті. Соның нәтижесінде, 300-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл және келесі жылы жабдықтарды жаңғырту жұмыстарын жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, сорғы жабдықтарының өндірісін жергіліктендіру жоспарда бар. Бұл бағытта облыс әкімдігі бізге қолдау көрсетеді деп үміттенеміз.

Соңғы жылдары шығарылатын өнім түрлерінің көбеюі зауыттың нарықтағы орнын нығайта түсті.

Қымбат Иманғали