Өскеменде Шешек асуында «Отбасы FEST» фестивалі өтті. Шараға 200-ге жуық қала тұрғыны жиналып, табиғат аясында тамаша уақыт өткізді. Фестиваль аясында сахналық шоу-бағдарламалар өтіп, келушілерге түрлі ойын-сауық шаралары ұсынылды.Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальдің мақсаты-отбасылық құндылықтарды дәріптеу, ұрпақтар сабақтастығын нығайту және қоғамдағы бірлік пен келісім идеясын қолдау.
Ануар Ахметқалиев, Өскемен қалалық креативті индустрияны дамыту орталығының өкілі:
Сағат таңғы оннан кешкі төртке дейін бағдарламалар бар. Оның ішінде ойын сауық, мастер кластар қарастырылған. Кез келген адам өзінің қызығушылығын табады. Одан кейін сауда жасау ұйымдастырылған, халыққа да қолайлы. Қолөнершілер де бар. Барлық әдістерін көрсетеді.
Бұдан бөлек, шара барысында ел үшін маңызды саяси науқан - жаңа Конституция жобасын қабылдауға арналған республикалық референдумның мәні мен мазмұны түсіндірілді.
Осылайша, Шешек асуында өткен «Отбасы FEST» - отбасылық құндылықтарды насихаттап қана қоймай, қоғамдағы бірлік пен азаматтық жауапкершілікті нығайтатын мазмұнды шараға айналды.
Бекарыс Секен