Облыс әкімі ардагерлерді Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады. Аймақ басшысы алдымен 93 жастағы тыл ардагері Жаңыл Жақашеваның шаңырағына барып, мерекелік тілегін жеткізді. Содан кейін, Ұлы Отан соғысының ардагері Александра Саратовцеваның үйіне арнайы барып, құрмет көрсетті.
Тарбағатай ауданында дүниеге келген Жаңыл Жақашева бүгінде үлкен әулеттің ақылшысы. Кейуана 10 баласынан 20 немере, 14 шөбере сүйіп отыр. Облыс әкімі ардагер ананы мерекемен құттықтап, арнайы сыйлықтар табыстады.
Ал Ұлы Отан соғысының ардагері Александра Саратовцева 1925 жылы Ресейдің Пенза облысында дүниеге келген. Ол 19 жасында майданға аттанып, құрылыс бригадасында еңбек етіп, Днепр өзені арқылы салынған көпір құрылысына қатысқан. Соғыстың барлық қиындықтарын бастан өткерген ардагер Жеңіс күнін Польша жерінде қарсы алған.
Аймақ басшысы ардагер аналарға алғыс білдіріп, олардың ерлігі мен өмір жолы кейінгі ұрпаққа әрдайым үлгі екенін атап өтті.