Күршім ауданының Құйған ауылы ел арасында «Балықшылар ауылы» атанып кеткен. Мұндағы жұрттың несібесі де, берекесі де Ертістің қойнауында. Елдегі ең ұзын көпірдің іргесінде орналасқан ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай? Кәсібін дөңгелетіп, өнімін тіпті Еуропаға экспорттап отырған ағайынның жай-күйін келесі сюжеттен көрейік.

Бұл балықшы Василий Алексеев. 40 жылдан бері қолынан қармағы түспеген. Бала кезінен ау құрып, сүйікті кәсібін жалғастырып келеді.

Василий Алексеев, балықшы:

Ауа райы жақсы болса шығамыз, жел болса шықпай жатамыз. Күнделікті тексереміз. Лицензиямыз бар. Налог төлеп жатырмыз. Ауды қалай құрған дұрыс? Өстіп құрамыз. Қытайдың ракетасы бар, сонымен мұз астынан жібересің жіпті тартады,содан кейін ау жібересің.

Ауылда өскен балықшы Василий қазақ тілін жетік меңгерген.

Қазақ арасында өстік, осы ауылда туғанбыз. Отбасыда 10 баламыз. Жеті ағалы бауырлы, үш апайым бар.

Құйған ауылында 600-ден астам тұрғын бар. Олардың басым бөлігі балық аулап, отбасын асырап отыр.

Гүлжан Қапышева, ауыл тұрғыны:

Мен осы балықпен айналысқаныма 20 жылдан асты. Осы балықпен балаларымды оқытып, үйлі-баранды қылып, үйлерін әперіп, машиналарын әпердім осы балықтың арқасында. «Өзен жағалағанның өзегі талмайды» деп осы балықпен күнкөріс.
Елдімекенде балық өнімдерін өңдейтін цех жұмыс істейді. Кәсібін дөңгелеткен Сайран Ысқақова 30-дан аса адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Сайран Ысқақова, жеке кәсіпкер:

Жұмыспен қамтамасыз етіп, осы жерде балықты қабылдап аламыз. Балықшылар келеді осы жерде балықтың бәрін реттеп, мөлшерін өлшеп сорттаймыз. Осы күнделікті журналға жазамыз қабылдаған балығымызды.

Цехта дайындалған өнімдер шетелгеде экспортталады. Осылайша өңірде өндіріс көлемі артып келеді.

Мына жақта шортанымыз болсын, судагымыз болсын балықтардың бәрі Еуропаға кетеді, Қытайға кетеді.

Балтабек Тұңғышбаев, ауыл тұрғыны:

Бұл ежелден балықшылар ауылы болатын. Аудан орталығы болып тұрған кезде балықтың көбі дамымаған кезі. Қазір ауылдың эконимкалық бағыты балық шаруашылығы, көшемізде міне шамымыз жарқырап тұр,суымыз сарқырап тұр. Жолымыз түгел асфальт. Халықтың тұрмыс тіршілігі жаман емес. Балығын аулап, малын бағып қарекет етіп жатқан қарапайым ауылымыздың бірі.

Құйған ауылы аудан орталығынан 20 шақырым жерде. Елді мекеннің тағы бір ерекшелігі еліміздегі ең ұзын көпірдің жанында орналасқан.

Шынар Айдарханова, ауыл тұрғыны:

Міне біз Көпір ашылғалы, тоғыз жолдың торабы болғаннан кейін біз енді Құйған ауылынан келіп балық сатамыз. Көптеп халық келіп тұрады.

 «Өзен жағалағанның өзегі талмайды» демекші, ауыл тұрғындары табиғаттың игілігін көріп отыр.

Бекарыс Секен