Облыстық әкімдікте Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжановтың қатысуымен «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру мәселелері талқыланған кеңес өтті. Бағдарлама ауыл тұрғындарының табысын арттыруға және кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Кеңес барысында жобаларды қаржыландыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және ауылдағы шағын бизнесті қолдау тетіктері қаралды.

Облыста 2023 жылдан бері ауыл тұрғындарының табысын арттыруға және ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы іске асырылып келеді. Бағдарлама шеңберінде өңірді дамытуға 4,0 млрд теңгеден астам қаражат бағытталып, шамамен 400 жоба қаржыландырылды. 2023 жылы қаражаттың негізгі бөлігі, яғни 80% мал шаруашылығын дамытуға жұмсалды.

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі:

Шешу жолдарын қарастыру керек. Шешу жолын қарастырмай ол жайдан-жай қабылданған шешім емес қой. Шешу жолын қарастырып біз осындай кепілдік береміз, олар осында тұрады, осындай жағдай жасауға мүмкіндік жасайық деп.

Делегация мүшелері Алтай ауданы Серебрянск қаласындағы жеке кәсіпкер Ғалия Солтанованың бастамасымен іске асып жатқан бірегей жобалардың бірі – калифорниялық құрттар арқылы табиғи гумус өндірумен айналысатын шағын шаруашылық жұмысымен танысты. ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі сапар барысында ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және инфрақұрылымды дамытуға бағытталған бірқатар нысанды аралады.

Серік Солтанов, жеке кәсіпкер:

2 бурттан бастадық, 5 буртқа дейін жеткіздік. Биыл 7,9 буртқа дейін жеткіземіз деген ойымыз бар. Былтыр 1 тоннадай шықты, биыл 2 тоннаға дейін жеткіземіз деген ойымыз бар.

Өңірде жаңа бағыттарды дамыту жұмыстары жалғасуда. Атап айтқанда, қаз өсіру саласында тауарлық несиелеу жобасы іске асырылуда. Қазірдің өзінде түрлі саланы қамтитын 9 мыңнан астам өтінім қаралып, жеткізуші анықталды. Ал мамыр айының екінші жартысында облысқа жас құстарды жеткізу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, Ұлан ауданындағы Манат ауылында қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жидек өсіруді дамытуға бағытталған «кілтті бизнес» жобасы іске асырылуда. 23 мың түп таңқурай көшеті дайындалып, оларды 3 гектар аумаққа отырғызу жоспарланған. Сонымен қатар тұрғын үй құрылысы, жолдарды жөндеу бойынша инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүргізілуде. Өңірде «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру жалғасуда. Игі бастама ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру мен ауылдық жерлерді тұрақты дамытуды көздейді.

Аяулым Усинова