Облыстық кәсіпкерлер палатасы алаңында құрылыс саласының өзекті мәселелері талқыланды. Басқосуға өңірдегі құрылыс компанияларының өкілдері, сала мамандары мен кәсіпкерлер қатысты. Кездесу барысында өңірдегі тұрғын үй құрылысының қарқыны, инженерлік инфрақұрылымның дайындығы және туристік аймақтардағы түйткілді мәселелер көтерілді. Кәсіпкерлер саладағы нақты мәселелерді ортаға салып, оларды шешудің тиімді жолдарын талқылады.

Жиынға арнайы келген Қазақстан Құрылысшылар одағы аппаратының басшысы Жамбыл Ахметбеков құрылыс индустриясын дамыту бағытындағы негізгі міндеттерге тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде салада әкімшілік кедергілерді азайту, құрылыс сапасын арттыру басты назарда. Қазақстан Құрылысшылар одағы еліміз бойынша 20 филиалды біріктіріп, 1500-ден астам құрылыс компаниясының мүддесін қорғайды. Ұйым саладағы өзекті мәселелерді шешу мақсатында жыл сайын 100-ден астам көшпелі кеңес өткізіп, құрылыс саласына қатысты заңнамаларды жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізіп келеді.

Жамбыл Ахметбеков, «Қазақстан Құрылысшылар одағы» РЗТБ аппаратының басшысы:

Біздің одақтың филиалдары 20 өңірде, яғни 17 облыста және 3 республикалық маңызы бар қалада Астана, Алматы, Шымкентте құрылған. Барлығында осы филиалдар өз қызметін атқаруда. Әрқайсысы 2025 жылы атқарған жұмыстарының есептерін беріп жатыр. Біздің құрылыс компанияның қарамағына енген 1650 компания бар. Ол инжениринг, құрылыс, құрылыс материалдарын шығару компаниясы, ІТ компания. Жұмыс орнын санайтын болсақ, 350 мың жұмыс орны бар деп айтуға болады. Бұл біздің өте үлкен республика деңгейіндегі одақ.

Мамандар мұндай кездесулер құрылыс нарығындағы өзара байланысты нығайтып, өңірдегі құрылыс сапасын арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Фатима Тілейханқызы