Балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – қоғам үшін аса маңызды міндеттердің бірі. Бұл бағытта санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің рөлі ерекше. Осындай жауапты салада ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан мамандардың бірі – Бақыт Қадылбекқызы Дырымбаева.
Бақыт Қадылбекқызы – аяулы жар, екі баланың анасы. Ол – 1965 жылы Зайсан ауданында дүниеге келген. 1988 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтын тәмамдап, еңбек жолын Зайсан аудандық санитариялық-эпидемиологиялық станциясында дәрігер болып бастады. Кейін облыстық санитариялық-эпидемиологиялық қызметіне ауысып, әр жылдары жауапты қызметтер атқарды. Ұзақ жылғы тәжірибесінің арқасында бас маман қызметінен бөлім басшысы лауазымына дейін көтерілді.
Бақыт Дырымбаева, Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы:
Мен осы саналы ғұмырымды халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету саласын арнадым. Оның ішінде, білім беру, тәрбиелеу обьектілерін қадағалау және бақылау бөлімінде қызмет етемін. Ол қызмет балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын сақтауға, нығайтуға және профилактикалық іс-шаралар жүргізуге бағытталған жұмыс бұл. Бұл қызметімізде біз білім беру ғимараттарының санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестігін, оның үстіндегі жиhаздардың балалардың жас,бой ерекшеліктеріне сәйкестігін, медициналық қызмет көрсету жағдайын бақылап отырамыз.
Қазіргі таңда облыс бойынша мыңға жуық білім беру ұйымдары санитариялық бақылауда. Әріптестерінің айтуынша, Бақыт Дырымбаева – өз ісіне адал, жауапкершілігі жоғары, әділ басшы. Ұжымға деген жанашырлығы мен әр қызметкерге көрсететін қолдауы талай маманға сенім мен жігер сыйлаған.
Альмира Көкебаева, Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бөлімінің бас маманы:
Осы салада қызмет атқарғаныма 23 жыл болды. Осы жылдардың көп бөлігін Бақыт Қадылбекқызының бастамасымен қызмет етіп келемін. Ол кісі өз ісіне адал, әділ әрі жауапкершілігі мол адам. Ұжымға деген қамқорлығы, әр қызметкерге түсіністікпен қарай білуі бізге әрдайым сенім мен жігер беріп отырады. Тек ғана басшы емес, ақылшы тәлімгер бола білді. Ол кісімен бірге жұмыс істеу мәртебе.
Әсіресе, жас мамандар үшін Бақыт Қадылбекқызының орны бөлек. Ол тек басшы ғана емес, білімімен бөлісіп, бағыт-бағдар беретін тәлімгер ретінде де танылған. Еңбек жолын енді бастаған қызметкерлерге жұмыстың қыр-сырын үйретіп, кәсіби тұрғыда қалыптасуына қолдау көрсетіп келеді.
Айдана Құмарова, Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бөлімінің бас маманы:
Мен үшін Бақыт Қадылбекқызы – еңбек жолымның қалыптасуында ықпал еткен аса маңызды тұлға. Жұмыстың алғашқы күнінен бастап ол кісі жұмыс тәртбін түсіндіріп, әр қадамыма қолдау көрсетіп отырды. Бақыт Қадылбекқызы – жұмыста талапшыл болып ғана қоймай, әрдайым адамгершілікпен әділдік қағидаттарын қатар ұстанады. Осындай тәжірибелі, жанашыр, білікті тәлімгердің қол астында жұмыс істеп, қолдауын сезіну мен үшін үлкен мүмкіндік деп санаймын.
Осындай тәжірибелі, білікті маманмен бір ұжымда еңбек ету – қызметкерлер үшін үлкен мәртебе. Бұл бағытта жұмыс істейтін тәжірибелі мамандардың еңбегі айрықша құрметке ие.
Фатима Тілейханқызы