Ұлан ауданындағы Шалқар көлінде көктемгі мұз фестивалі өтті. Мерекеге аудан тұрғындары мен өңір қонақтары жиналды. Демалушыларға концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.

Ұлан ауданы тұрғындарының демалыс күндері ерекше басталды. Көктемнің жылы лебі, әуезді музыка және жүздеген шат күлкі — Шалқар көлінің жағасында дәл осындай атмосфера қалыптасты. Демалушылар атқа мініп серуендеп, жылы киіз үйлерде ыстық шай ішіп, бой жылытуға мүмкіндік болды.

Ләзиза Кенжетаева, Ұлан ауданы әкімінің орынбасары:

Мұздың кебетін ақырғы күндері болып тұр. Наурыз айы міне. Күн өте жылы. Қаладан адамдар демалғанға келіп жатыр. Демалушыларға конькиді жалға беру қызметін, ыстық шай, шашлық, тағамдар, жылы киіз үйлер қойдық. Дәретхана ішінде жылы суы бар, барлық жағдайы жасалған.

Демалушылар үшін барлық жағдай жасалған. Аймақ тұрғындары мұнда отбасымен, туған-туыстары және достарымен бірге келген.

Фестиваль қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй мен жарқын әсер сыйлады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар тұрғындар мен өңір қонақтарына табиғат аясында белсенді демалып, Сібе көлдерінің көркемдігін тамашалауға мүмкіндік береді.

Қымбат Иманғали