Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Шығыс Қазақстан этнографиялық музейінде «Әйелге деген сүйіспеншілікпен» атты көрме ашылды. Экспозицияда музей қорларынан алынған XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басына жататын фарфордан жасалған 200-ден астам бұйым ұсынылды. Келушілер сол дәуірдің дәстүрі мен эстетикасын бейнелейтін ыдыстарды және әйелдердің тұрмыста қолданған заттарын тамашалай алады.
Көрмеде ұсынылған жәдігерлер музей қорында ұзақ жылдар бойы сақталған. Енді қала тұрғындары мен қонақтарына аталған бұйымдарды өз көздерімен көруге мүмкіндік бар.Ұсынылған жәдігерлердің қатарында императорлық фарфор зауытының бұйымдары да бар. Бұл туындылар нәзік өрнектерімен, пішіндерінің сымбаттылығымен және мінсіз сапасымен ерекшеленеді. Сондай-ақ келушілер ең ірі фарфор өндірушілердің бірі -Кузнецов зауытының бұйымдарын да тамашалай алады. Оның өнімдері жоғары сапасы мен сәндік стильдерінің алуан түрлілігінің арқасында кеңінен танымал болған. Экспозицияны неміс мануфактурасының бұйымдары толықтыра түсті. Олар еуропалық фарфор өнерінің дәстүрлерін айқын көрсетеді.
Мақпал Катпенова, ШҚО музей-қорығының бөлім меңгерушісі:
Көрмеде фарфор коллекциясының нағыз інжу-маржаны ұсынылған. Бұл бұйымдар 10 жылдан астам уақыт бойы экспозицияға қойылмаған. Кейбірі алғаш рет көпшілік назарына ұсынылып отыр. Бұл — өте бірегей әрі аса нәзік фарфордан жасалған, олардың көпшілігі қолмен өрнектелген.
Экспозицияда XIX–XX ғасырларға жататын фарфор мүсіншелері ерекше орын алады. Бұл сәндік-қолданбалы өнердің нәзік туындылары орындалу шеберлігімен және пішіндерінің талғампаздығымен таңғалдырады. Шеберлердің қолында материал шағын мүсіндерге айналып, онда әрбір бөлшек аса мұқият өңделген.
Елена Лабецкая, ШҚО музей-қорығының қор бөлімінің маманы:
Біз атақты неміс шебері Оскар Шлегельмильхтің мүсіншелерін таныстырғымыз келеді. Өте бірегей туындылардың бірі — пуанттарын байлап тұрған балерина мүсіншесі. Сондай-ақ фарфор шілтерінен жасалған балерина да бар. Сонымен қатар осы шебердің XIX ғасырдың ортасы мен XX ғасырдың басына жататын балерина бейнелері ұсынылған. Бұлар — өте сирек әрі бірегей экспонаттар. Бұл мүсіншелерде әрбір бөлшек айқын көрінеді: қолының қимылынан бастап қолындағы гүл шоғына дейін мұқият жасалған. Көйлектеріндегі әрбір қатпар мен желбір де өте дәл әрі нәзік бейнеленген.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрме келушілерді көркем фарфордың сирек үлгілерімен таныстырып қана қоймай, өткен дәуірдің ерекше атмосферасын сезінуге мүмкіндік береді. Нәзік пішіндер, әсем өрнектер мен фарфордың сынғыш сұлулығы арқылы әйел бейнесі, оның әсемдігі, талғампаздығы және әлемге сыйлайтын шабыт көзі ашыла түседі. «Әйелге деген сүйіспеншілікпен» көрмесі музейде екі ай бойы жұмыс істейді. Осы уақыт аралығында бірегей экспонаттарды көруге барлық ниет білдірушілерге мүмкіндік беріледі.
Аяулым Усинова