Аймақта пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жалғасуда. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірде 120 мың гектар жер қайтарылған. Биыл жоспарланған көлемнің 30%-ы орындалған.
2022 жылдан бастап облыста пайдаланылмай жатқан 463 мың гектардан астам ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылған. Биыл 40 мың гектарды қайтару жоспарланған. Оның 14 мың гектары бүгінде қайтарылған. Қайтарылған жер учаскелері ең алдымен елді мекендер маңындағы жайылым тапшылығы мәселесін шешуге бағытталады. Әкімдіктер жалпы аумағы 50 гектардан асатын пайдаланылмай жатқан жер учаскелеріне қатысты материалдарды тиісті салалық ведомстволарға жолдаған. Нәтижесінде тексерулер жүргізіліп, жүйелі жұмыстар атқарылуда. 51 жер пайдаланушыға 1 жыл мерзімге нұсқама беріліп, айыппұл салынды. Егер осы мерзім ішінде заңбұзушылықтар жойылмаса, жерлер сот тәртібімен мемлекет меншігіне қайтарылатындығы ескертілді. Бұл учаскелердің жалпы аумағы шамамен 30 мың гектарды құрайды.
Надежда Михейлис, Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы:
Біздің 2025 жылға арналған жоспарымыз 120 мың гектарды құрады. Қалалар мен аудандар әкімдіктерінің бірлескен жұмысының нәтижесінде мемлекет меншігіне 120 мың гектардан астам жер қайтарылды. Осылайша, жоспар 100% орындалды. Осы орайда, жер пайдаланушылар өз жерлерін барынша тиімді әрі ұтымды пайдалануы қажет екенін атап өткен жөн. Яғни олар заңнамада белгіленген құқықтары мен міндеттерін сақтауы тиіс. Егістік жерлерде ауыл шаруашылығы дақылдары егілетін болуы керек, жайылымдарда тіркелген ауыл шаруашылығы жануарлары болуы тиіс, ал шабындық жерлерде шөп шабу жұмыстары жүргізілуі қажет.
Өңір қалалары мен аудандарының жергілікті атқарушы органдары жайылымдарды басқару бойынша 5 жылдық жоспар әзірлеуде. Олардың басым бөлігі келісу сатысында. Ал Алтай ауданы бойынша бұл құжат бүгінде бекітілген.
Сая Жарасқызы