Облыс орталығындағы білім ордаларының бірінде Ұлыстың ұлы күні ұлықталды. Наурыз мерекесі қарсаңында «Наурыз-атамұра, бала үні, дәстүр мен өнердің үндестігі» атты шара өтті. Шараға өскемендегі білім саласының өкілдері қатысты.
«Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында өткен семинар сән-салтанатымен өтті. Күн мен түннің теңеліп, жер мен көктің жаңаратын мезгілін мектеп ұжымы асыға күтеді. Себебі, дәл осы кезде білім ошағында ұстаздар, ата-аналар мен оқушылар бас қосып Әз-Наурызды жоғары деңгейде атап өтеді.
Қарлығаш Қабдешқызы, мектеп директоры:
Наурыз меркесі мектепте үлкен жоспармен бекітілді. Барлық 52 сыныпта үлкен тәрбиелік шаралар. Бүгінгі шара соның бастамасы. Алда ата-аналармен, әкелермен, әжелермен жоспарланған шаралар өте көп. Сонымен қатар, оқушылардың аға-жеңгелерін де осы бала тәрбиесіне тартамыз. Наурыздың алдында Сырғалым деген қыздардың жеңгелерімен бірлескен Наурыз мерекесіне орай үлкен шара өткізілді.
Мектеп оқушылары концерттік бағдарлама аясында өз өнерлерін ортаға салды. Рухты ән айтып, күмбірлеген күй шертті. Ата-аналар жағы да игі шарадан шет қалмады.
Қарлығаш Мұхатова, ата-ана:
Біздің мектепте 14 наурыздан бастап, көрісу күнінен бастап наурызнамаға сай әр күн аталып өтіледі. Сондықтан біз осы мектепке ата-аналар ретінде белсенді қатысып, мектебімізбен бірге әр меркені бірге өткізуге қатысуға тырысамыз. Наурыз мерекесіне Ұлттық киімімізді киіп, қатысып балаларымызға да үлгі болсын деп киім киіп келдік.
Қарлығаш Абдрахманова, ата-ана:
Оқушылардан бөлек, ата-аналар да осылай дайындалып, ұлттық киімдерімізді киіп, ұлттық құндылықты дәріптеу үшін балалармен бірге қатысамыз. Оларға да қызықты болады деп есептейміз. Келе жатқан Наурыз меркесімен құттықтаймын. Береке-бірліктің ынтымақтастықтың символы болғандықтан ел іргесі тыныш болсын, ақ мол болып, амандықта болайық дегім келеді.
Мектеп ұжымы бұл күні ұлттық құндылықтарды насихаттады. Шұғыласын төккен шуақты көктеммен бірге келген мерекені көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алды.
Сая Жарасқызы