Аймақта соңғы бес жылда атмосфераға таралған зиянды шығарындылар көлемі 9 пайызға азайған. Өңірде ауа сапасын бақылау жүйесі жаңартылып, 25 автоматты бақылау бекеті орнатылды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте сала мамандары мәлімдеді.

ШҚО табиғи байлық пен жануарлар дүниесінің сан түрі бар өңірлердің бірі. Облыста құстың 335, сүтқоректінің 94 түрі мекендейді. Ал оның 57-і түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Қар барысы, арқар, қара ләйлек, бүркіт сынды сирек кездесетін жануарларда осында тіршілік етеді. Мамандар олардың табиғи мекенін сақтау және қолайлы орта қалыптастыру үшін орман қорын көбейту жұмыстары қолға алынғанын айтады.

Данияр Қанатбаев, Облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:

Екі млрд. ағаш орман қоры жеріне отырғызу керек деген тапсырма берілген. Сол бойынша біздің ШҚО бойынша 72 млн ағаш отырғызу керек болған 2025жылы соның 15 млн. астам данасын отырғыздық. Алға қойылған жоспардың бірі осы тапсырманы толық орындау. 2026 жылға қойылған жоспар 3351 га. жерде 17 млн 544 мың дана көшет отырғызу жоспарланып отыр. Соған қазіргі уақытта қарқынды жұмыстар жүргізіліп отыр.

Бұдан бөлек, жалпыұлттық «Таза Қазақстан» акциясы аясында өңір тұрғындары арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған кешенді жұмыстар іске асырылды.

Аяулым Қайдарова, облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары м.а.:

 «Таза Қазақстан» акциясына 150 мыңнан астам азамат қатысып, 4 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Саябақтар мен су айдындары тазартылды. Қоршаған ортаны қорғау жұмыстарын жетілдіру мақсатында «TazaQazBot» цифрлық платформасы іске қосылды. Биыл платформа арқылы азаматтардан 22 өтініш түскен.Оның 18-і іске асырылған. 4 өтініш қаралу үстінде. Өткен жылы платформаға 411 ұсыныс пен хабарлама келді.

Брифинг барысында балық шаруашылығын дамыту бағыты да талқыланды. Өткен жылы өңірде 2 мың тоннадан астам тауарлы балық өсіріліп, жоспар артығымен орындалған. Қазір Бұқтырма су қоймасында балық өсіру шаруашылығын кеңейту жоспарланып отыр.

Нұртас Қайролдаев