ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің ШҚО бойынша департаменті аймақтағы дене шынықтыру және спорт басқармасымен бірге сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелерін талқылады. Спорт саласындағы 36 ведомстволық ұйымның қатысуымен қоғамдық дерттің алдын алу, парасаттылық құндылықтарын нығайту мәселелері бойынша кеңес өтті.

Кездесу барысында әдеп стандарттарын сақтау, мүдделер қақтығысының алдын алу, сондай-ақ сала қызметкерлерінің жеке жауапкершілігін арттыру мәселелері талқыланды. ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің ШҚО бойынша департаментінің басшысы Ержан Айқымбеков спорт ұйымдары басшылары мен қызметкерлерінің адалдығы тек спорт саласының дамуына ғана емес, қоғамның мемлекеттік институттарға деген сеніміне де тікелей әсер ететінін атап өтті.

Ержан Айқымбеков, ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігі ШҚО бойынша департаментінің басшысы:

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру функциялары Мемлекеттік қызмет істері Агенттігіне берілген болатын. 2025 ж 30 маусымынан бастап Президент Жарлығымен осы функциялар Мемлекеттік қызмет істері Агенттігіне берілген болатын. Сол функциялар бойынша біз қазір жұмысты атқарып жатырмыз.

Бұдан бөлек, кеңесте «Адал азамат» қағидатын іске асыру жұмысы талқыланды. Аталған бастама қоғамда жауапкершілік және әділдік қағидаттарын қалыптастыруды көздейді.

Мемлекеттік қызметшілерге кез келген көлемдегі сыйлық беруге толық тыйым салынған. Сыйлықтың бағасына немесе түріне оның кәдесый, тәттілер, гүл шоғы екендігіне қарамастан, ол сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығы немесе пара ретінде бағалануы мүмкін.

Әлмира Нұртаева, ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігі ШҚО бойынша департаментінің бас маманы:

Сыйлықтың құны аз көлемде болса да әкімшілік жауапкершілікке әкеледі. Ал ірі көлемдегі сыйлықты алу қылмыстық құқық бұзушылық, яғни пара алу ретінде бағаланады. Сондықтан мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген тұлғалар мұндай әрекеттерден аулақ болуы тиіс.

Сөз соңында спортты дамыту мен салауатты өмір салтын насихаттау елдің болашағына салынған инвестиция екені, бұл өз кезегінде Қазақстанның дені сау әрі бәсекеге қабілетті азаматтарын қалыптастыруға ықпал ететіндігі атап өтілді.

Аяулым Усинова