Облыс орталығында Наурыз мерекесі күні домбырамен жаппай ән орындау бойынша Гиннестің рекордын орнату жоспарда бар. Шараға 3000-нан астам адамның қатысады деп күтілуде. Жалпы қалада жеті алаңда өтетін 100-ден астам шара өткізіледі. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін ауқымды мерекелік бағдарламалар ұйымдастырылады.

Мерекелік шаралар 14 наурыз - Көрісу күні басталып, тақырыптық онкүндік форматында өтеді. Бағдарламада мәдени, спорттық және танымдық шаралар қарастырылған. Ал мерекенің ең ерекше сәті — бірегей оқиға болмақ. 22 наурыз күні Республика алаңында 3000-нан астам адам Бәкір Тәжібаевтың «Ақ бұлақ» шығармасын домбырамен орындайды.

Болатбек Мамарбаев, Өскемен қаласы әкімінің орынбасары:

Жаңару мерекесінде алдымызға қойған жаңа көкжиегіміз Гиннестер рекордтар кітабына ену Наурыз мерекесін ұйымдастыру аясында. Бүгінгі таңда өтініш жібереіліп, расталды. 22 күні бізге Гиннестер рекордтар кітабының өкілдері келеді. Комиссия. Бір мезетте 3000 астам адам домбырамен ән салу санатында рекорд орнатуды ойға алып отырмыз. Сондай мақсатымыз бар.

17 наурыз күні Арбатта отбасылық құндылықтарға арналған «Жан ана» атты шара өтеді. 18 наурызда «Maxi Mall» сауда орталығында отандық дизайнерлердің ұлттық киімдерінің көрсетілімі ұйымдастырылады. 20 наурыз күні Комсомол аралында ұлттық спорт түрлерінен жарыс өтеді.

Айдар Садырбаев, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы:

Жалпы наурызнама онкүндігі аясында облысымызда ірілі-ұсақты шаралардың барлығын қосқан кезде 700 жуық іс – шара өткізіледі деп күтілуде. Олардың әрқайсысының мақсатты аудиториясы бар. Мұндағы жалпы біз ұстанатын мақсатымыз ысырапшылдыққа жол бермей, керісінше идеялық мән-мағынасына тереңге үңілсек деген ой. Ас та төк. Ас ішіп, аяқ босатудан гөрі керісінше сол жастарымыздың, қоғамның салт-санасына, рухани, адамгершілік тәрбиеге, өткенімізді бағалай білуге жаңағы жаңа технологияларға ұмтылысымызды көрсете алсақ, бұнда мақсатымыз орындалды деуге болады.

Сонымен қатар, 21 наурыз күні ЖМК ауданындағы «Өскемен» аллеясында, Меновное, Күленов, Аблакетка, Защита, Комендантка және сол жағалау аудандарында мерекелік шаралар ұйымдастырылады. 22 наурыз күні дәстүр бойынша Республика алаңында мерекелік шара өтеді. Сағат 11:00-ден 14:00-ге дейін - күндізгі бағдарлама, ал 18:00-ден 21:30-ға дейін - кешкі бағдарлама жоспарланған. Сағат 21:30-да мерекелік отшашу болады.

Салтанат Кеңесбекқызы