Жаңа Конституция жобасында жеке деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылған. Сонымен қатар құжатта білім мен адами капиталды дамытуға басымдық беріліп, елдің болашағы білімді әрі бәсекеге қабілетті ұрпақпен тығыз байланысты екені айқын көрсетілген. Өңірлік коалиция мүшелері жаңа Конституция жобасын түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда. Бұл жолғы кездесу облыс орталығындағы студенттермен өтті.
Өңірлік коалиция мүшесі Гүлмира Байркенова студенттерге жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттарын таныстырды. Жиында құжаттағы өзгерістер мен толықтырулар, қоғамдағы заманауи үрдістерді ескерген нормалар және ел дамуының стратегиялық бағыттары кеңінен сөз болды. Спикердің айтуынша, жаңа Ата заң жобасы қазіргі уақыт талабына сай жаңартылып, мемлекет пен қоғамның дамуына серпін беруді көздейді.
Гүлмира Байркенова, өңірлік коалиция мүшесі:
Бүгін айтатынымыз ол жастарды мазалайтын жастардың құқықтары. Келешекте жаңа констиуция жастарға не береді? Және жастардың міндеттерін қалай қорғайды? Сол туралы әңгіме болады. Жастардың осы жоба бойынша, алдағы референдум бойынша қызығушылығы артып келеді деп айтуға болады. Біз оларға жаңа констиуция не береді жалпы Қазақстанның болашағына қандай өзгеріс әкеледі сол туралы түсіндіріп жұмыс өткізіп жатырмыз.
Жиында студенттер өз ойларын білдіріп, жаңа Конституция жобасындағы бірқатар жаңашылдықтарға тоқталды. Әсіресе, шығармашылық еркіндікке, ғылым мен технологияның дамуына басымдық берілуі жастар тарапынан қолдау тапты.
Әділет Кәрібай, ЖОО магистранты:
Жаңа Конституцияның ең ұнаған тұсы – кез келген жас мемлекеттік мекемелерде, университеттерде өз грантын ұтып ала алады. Яғни, конкурс арқылы кез келген жас тегін оқып, стипендия ала алады. Бұл дегеніміз – жастарға тең құқық беру, олардың болашағын ашу. Білім алу құқығы – кез келген жастың арманы. Білім алған студент қоғамға өз пайдасын тигізе алады. Сондықтан бұл жаңа Конституцияның ұтымды шешімі деп ойлаймын.
Кездесу соңында қатысушылар жаңа Конституция жобасының ел болашағы үшін маңыздылығын атап өтті. Студенттер өздерін толғандырған сауалдарын қойып, құжаттың мазмұны төңірегінде ашық пікір алмасты.
Нұртас Қайролдаев