Облыс орталығындағы референдум учаскелеріне дауыс берушілер толассыз келіп жатыр. Аймақтағы танымал тұлғалар да саяси науқаннан шет қалар емес. Олардың қатарында жеңіл атлетикадан Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова да бар. Спортшы өзінің құқығын пайдаланып, таңдау жасау үшін № 45 мектептегі №1163 референдум учаскесіне келді.
Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова ел үшін маңызды оқиғалардан тыс қалмайды. Ол қоғамдық өмірде белсенді азаматтық ұстанымды қолдайды. Спортшының сөзінше, мемлекеттің болашағы – халық болып, бірлесе қабылданған шешімдерге байланысты. Ал референдум өз азаматтық ұстанымын білдіруге мүмкіндік береді.
Ольга Рыпакова, Олимпиада чемпионы:
Бүгін еліміз үшін тарихи маңызы бар оқиға, референдум өтіп жатыр. Мен еліміздің азаматы әрі патриоты ретінде өз азаматтық ұстанымымды білдіруді азаматтық парызым деп санаймын.
Референдум учаскелеріне келіп, өз таңдауын жасаған қала тұрғындарының көңіл – күйі керемет. Оларды аймақ өнерпаздары қарсы алып, әннен шашу шашты. Бұл күні ұлттық әшекейлер мен тағамдар қойылған жәрмеңке де ұйымдастырылды.
Әйгерім Аманбаева, № 1163 референдум учаскесі комиссиясының төрағасы:
Жалпы учаскеде 2706 сайлаушы бар. Адамдар саны лек – легімен уақыт өткен сайын өсуде.
Комиссия мүшелерінің мәліметінше, учаске жұмысын бастаған сәттен бері заңбұзушылық тіркелмеген.
Гүлдана Айдарқызы