Референдум учаскелерінде EXIT POLL өкілдері сауалнама жүргізіп жатыр. Облыс орталығында дауыс беру басталған сәттен бастап интервьюерлер жұмысқа кірісті. Олар саяси науқанға келген азаматтарға бір ғана сұрақ қояды: «Сіз қай жауапты таңдадыңыз?». EXIT POLL сауалнамасы анонимді түрде өтеді, қатысушылардың аты-жөні тіркелмейді. Сауалнама қорытындысы түнгі сағат 12-ден кейін жарияланады.

Анна Эппорт, қоғамдық саяси институт өкілі:

Біз референдум барысын қосымша құрал экзитпул арқылы бақылап отырмыз. Дауыс беріп шыққан азаматтарға сауал қойып, шамамен қандай нұсқаны таңдағанын сұраймыз. Нәтижесінде барлық мәлімет бірден орталық базаға жіберіледі. Әрине, адамдар әртүрлі. Кейбір азаматтар сауалнамаға қатысудан бас тартады, енді бірі не үшін сұрап жатқанымызды нақтылап жатады. Дегенмен, көпшілік өз пікірін ашық айтып, сауалнамаға белсенді қатысуда. Байқауымызша, соңғы уақытта тұрғындардың саяси белсенділігі артып келеді. Адамдар референдум учаскелеріне саналы түрде келіп, өз таңдауын жауапкершілікпен жасауда.

Бекарыс Секен