Өткен жылы өңірде 120-дан астам нәрестеден туа біткен жүрек дерті анықталды. Оның ішінде 64 балаға операция жасалған. Жалпы өңірде осындай диагнозбен тіркелген 630 адам бар. Бұл туралы аймақтың штаттан тыс балалар кардиологы Гүлмира Сағымбаева мәлімдеді. Бұдан бөлек, өңірге іссапармен UMC Жүрек орталығының мамандары Астанадан арнайы келді. Дәрігерлер 20 баланың денсаулығын тексерді. Барлығына эхокардиография жүргізіліп, әрі қарайғы ем алу бойынша ұсынымдар берілді.
Әлемдік статистикаға сүйенсек, жүрек ақауы жаңа туған мың нәрестенің шамамен онында анықталады. Жалпы, елде жыл сайын 3–4 мың нәресте жүрек ақауымен дүниеге келеді. Орталық деректеріне сәйкес, жүрек ақауларының 77%-ы жүктілік кезінде анықталса, 23%-ы бала туғаннан кейін белгілі болады. Білікті мамандардың өңірлерді аралаудағы бұл бесінші сапары. Бұған дейін олар Алматы, Ақтау, Шымкент, Түркістан қалаларында болған.
Альмира Байғалқанова, UMC Жүрек орталығының балалар кардиологы:
Бұл сапар Heart Center Foundation қоғамдық қоры мен UMC Жүрек орталығының бірлесуімен жүзеге асырылып келе жатқан «Пациент мектебі» жобасы аясында ұйымдастырылған. Жоба туа біткен жүрек ақауы бар балаларады тәрбиелеп отырған отбасыларға қолдау көрсетеді.
Дәрігерлердің сөзінше, қазіргі дамыған медицинаның арқасында бұл диагнозды емдеу айтарлықтай жеңілдеген. Жүрек ақауын анықтаудың негізгі әдісі – эхокардиография. Бұл жүректің ультрадыбыстық зерттеуі. Жүрек орталығында жыл сайын балаларға 15 мыңнан астам эхокардиографиялық тексеру жүргізіледі.
Тілектес Нашкенов, UMC Жүрек орталығы балалар кардиологиясы бөлімінің дәрігері:
Біз жыл сайын елде туа біткен жүрек ақауына байланысты шамамен 2000 ашық жүрекке ота жасаймыз. Мұндай операциялардың басым бөлігі мамандандырылған кардиохирургиялық орталықтарда жүргізіледі. Соның ішінде біздің UMC Жүрек орталығында жыл сайын шамамен 500 ота жасалады. Олардың 90 пайызға жуығы сәтті аяқталады. Ем алған балалар кейін қалыпты өмір сүре алады.
UMC Жүрек орталығында ем қабылдаған науқастардың 77 пайызына диагноз бала дүниеге келмей тұрып, яғни пренаталдық кезеңде ультрадыбыстық скрининг арқылы қойылған. Қалған жағдайларда жүрек дерті сәби туғаннан кейін анықталған. Ал, мамандардың айтуынша өңірде балалар кардиологтарының тапшылығы жоқ.
Гүлмира Сағымбаева, ШҚО штаттан тыс балалар кардиологы:
Біздің облыста детский кардиологтар жеткілікті. 170 мың бала бар біздің өңірде. Бүгінгі таңда Өскеменде 6 бала кардиологы жұмыс істейді. Оның екеуі ана мен бала орталығында, қалған төртеуі қала емханаларында.
Дәрігерлердің айтуынша, туа біткен жүрек ақауы – жаңа туған нәрестелер арасында жиі кездесетін патологиялардың бірі. Сондықтан, уақытылы скринингтен өтіп тұру ең маңызды шара.
Фатима Тілейханқызы