Облыс әкімі тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға жаңа пәтердің кілтін табыстады. Игі шара Наурызнама онкүндігі аясында аталып өтетін Көрісу күніне орай ұйымдастырылды.

Бұл жолы жиыны 20 отбасы тұрғын үймен қамтылды. Оның ішінде 15 жанұя - тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал санаттағы азаматтар. Ал қалған бес пәтер қызметтік баспана ретінде дәрігерлерге берілді. Бұл медицина мамандарын қолдау мақсатында жүзеге асырылып отыр. Салтанатты рәсімде жаңа пәтер кілттерін тұрғындарға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов табыстады. Қоныс иелерін құттықтаған аймақ басшысы азаматтарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екендігін айтты.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Сонау ерте заманнан біздің ата-бабаларымыз қақаған қыстан кейін бір-бірінің үйіне барып, көрісіп, амандығын біліп мына алдағы көктемге, жазға, алдағы өмірге жақсылықтар тілеген. Міне бізде наурызнама онкүндігінің алғашқы күнінде өздеріңізбен бірге қуанышты сәтте кездесіп отырмыз.

Жаңа пәтер иелерінің бірі – Жансая Ертасқызы. Оның жолдасы Ана мен бала орталығында анестезиолог-реаниматолог болып еңбек етеді. 7 жылдық еңбек өтілі ескеріліп, отбасы қызметтік баспанамен қамтамасыз етілді.

Жансая Ертасқызы, қала тұрғыны:

Мейрамның алдында алланың қалауымен қызметтік пәтер алып жатырмыз. Осы уақытқа дейін бір бөлмелі қызметтік пәтерде тұрғанбыз. Қазір үш бөлмелі пәтер бұйырып жатыр. Бала-шағамның несібесі, жолдасымның арқасы. Еңбегінің жемісі деп ойлаймын. Бәріне рахмет айтамыз.

Салтанатты рәсім мерекелік шараға ұласты. Жергілікті өнерпаздар ән шырқап, қатысушыларға ерекше мерекелік көңіл күй сыйлады.

Сондай-ақ, өңір басшысы облыстың қарқынды дамып келе жатқанын да атап өтті. 2030 жылға дейінгі кешенді даму жоспарына сәйкес, Өскемен халқы 500 мың адамға дейін өсуі мүмкін. Осыған байланысты алдағы уақытта тұрғын үй құрылысының көлемі одан әрі ұлғая бермек.

Аяулым Усинова