Өскеменде болашақ мамандарды даярлауда цифрлық білім беру ресурстарын қолдану мәселесі талқыланды. Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ жоғары IT колледжінде «Цифрлық білім беру ресурстары арқылы бәсекеге қабілетті кадрларды даярлау» тақырыбында аймақаралық семинар-практикум өтті. Жиында білім беру саласының өкілдері заманауи платформалар мен инновациялық оқыту әдістерін енгізу бағыттарын қарастырды.
Семинардың мақсаты – техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде цифрлық ресурстарды тиімді пайдалану арқылы болашақ мамандардың кәсіби құзыретін арттыру. Жиында жасанды интеллект элементтерін енгізу, интерактивті платформалар мен виртуалды зертханалардың мүмкіндіктері талқыланды. Мамандардың айтуынша, мұндай технологиялар студенттерді нақты өндірістік ортаға жақын жағдайда дайындап, бәсекеге қабілетті кадр қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Әлима Ақылбек, Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:
2026 жыл мемлекетіміздің президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевпен ЖИ жылы деп белгіленген. Соған байланысты бізде де жаңалықтар енгізілуде. Білім саласы бойынша да ақпараттандыру бойынша жұмытар атқарылуда. Соған орай бүгін колледж оқушылары арасында семинар практикум өткізудеміз. Бұл шараға Павлодар Абай облыстарынан әріптестеріміз келді. Шараның екінші бөлігінде әріптестеріміз практикалық жағынан бөлісетін болады.
Аймақаралық семинарға елдің түрлі өңірінен педагогтер қатысты. Павлодар облысынан келген өндірістік оқыту шебері Игорь Бойческо теміржол саласына маман даярлауда қолданылатын имитациялық тренажерлер туралы баяндама жасады. Мұндай цифрлық жүйелер студенттерге нақты жұмыс жағдайына жақын ортада тәжірибе жинап, күрделі жағдайларда шешім қабылдау дағдысын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Игорь Бойческо, Жоғары электроника және коммуникациялар колледжінің өндірістік оқыту шебері:
Бізде жасанды интеллект, түрлі тренажерлер мен симуляторлар қолданылады. Өз тәжірибемізде колледжімізде қосалқы станция кезекшісінің имитациялық тренажерін енгіздік. Яғни интерактивті технологиялар – бұл қосалқы станция кезекшісінің нақты автоматтандырылған жұмыс орнының үлгісі. Студенттер осы жүйе арқылы нақты уақыт режимінде тәжірибе жинақтай алады. Сондықтан олар өндірістік тәжірибеге тек теориямен ғана емес, практикалық дағдылармен де дайын болып келеді. Қазіргі уақытта заман бір орында тұрмайды, біз де алға жылжып, түрлі ақпараттық технологияларды енгізіп келеміз.
Еркежан Қайыржанова, Жоғары IT және жаңа технологиялар жоғарғы колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары:
Аймақ аралық семинар өте маңызды болып табылады. Қазір барлық салада ЖИ дамыған кезеңі болып тұр. Болащақ білім алушыларға тек теорияны ғана емес, практиканы ұштастыру үшін ЖИ маңызы зор екенін біле отырып осы семинарға қатысып отырмыз. Спикер ретінде IT және жаңа технологиялар жоғарғы колледжі смарт кампус екенін және осы колледж толығымен ЖИ жабдықталғаны туралы тәжірбиемізді таратпақшымыз.
Семинар аясында шеберлік сағаттары мен практикалық сабақтар ұйымдастырылып, педагогтер өзара тәжірибе алмасты. Сарапшылардың пікірінше, білім беру жүйесіне цифрлық ресурстарды кеңінен енгізу – техникалық және кәсіптік білім беруді жаңа деңгейге көтерудің маңызды қадамы. Мұндай алаңдар өңірлер арасындағы тәжірибе алмасуды күшейтіп, болашақта білікті мамандар даярлау ісіне тың серпін береді.
Нұртас Қайролдаев