А.С.Пушкин атындағы облыстық кітапханада «Шарапатты шаңырақ шежіресі» атты тағылымды шара ұйымдастырылды. Басқосуда елге еңбегі сіңген тұлғалардың өнегелі өмір жолы сөз болып, ұрпақтар сабақтастығы жайлы тағылымды әңгімелер айтылды.
Жиында Халық Қаһарманы Ахат Күленов пен Шығыс Қазақстан облысының құрметті азаматы Бошай Кітапбаевтың ел дамуына қосқан үлесі ерекше аталып өтті. Олардың еңбекқорлығы, елге адал қызметі мен адамгершілік қасиеттері жас буынға үлгі ретінде насихатталды. Кездесуге Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев қатысты.
Ербол Нұрғалиев, ШҚО әкімінің орынбасары:
Осындай біздің тұлға ағаларымызды біз ұлықтау керекпіз. Шығыс өңірі - бір ерекше өңірлердің бірі. Адамдары да ерекше болады. Шығыстың азаматтары қандай десе, осы ағаларымызды көрсетуге болады. Сондықтан, біз жас ұрпаққа соны жеткізу парыз.
Жиынға Ахат Күленов пен Бошай Кітапбаевтың ұрпақтары да қатысты. Олар шарада тау тұлғалардың азды-кемді естеліктерімен бөлісіп, өмір жолы жайында әңгіме өрбітті. Ал, зиялы қауым өкілдері ұлттық құндылықтарды дәріптеп, отбасы мен шаңырақтың берекесін сақтау – қоғамның басты тірегі екенін айтады.
Түсіпхан Түсіпбеков, Қоғам қайраткері:
Екі алыбымыз, біреуі – социалистік еңбек ері Бошай Кітапбаев, екіншісі – халық қаһарманы, аты аңызға айналған металлург – Күленов Ахат Сәлемхатұлына арналған. Екеуі туған құда. Сол құдалардың ұрпақтарымен жұртышылықты кездестіру. Олардың өмірлерін жастарға, бүгінгі тірілерге үлгі етіп көрсету.
Тағылымды шара барысында қатысушылар елге еңбегі сіңген тұлғалардың өмір жолынан тағылым алып, ұлттық құндылықтарды ұлықтаудың маңызын тағы бір мәрте атап өтті.
Фатима Тілейханқызы