Наурызнама онкүндігі аясында облыстық өнер музейінде «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні» атап өтілді. Шара аясында «Наурыз тойы – мереке, салт-дәстүрім – береке» атты концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Кешке талантты оқушылар қатысып, көрермендерді өздерінің жарқын шығармашылық нөмірлерімен тәнті етті.
Ұйымдастырушылар мұндай шаралар шығармашылық пен өнер арқылы жастарды қазақ халқының салт-дәстүрі және рухани мұрасымен таныстыруға септігін тигізетіндігін айтады.
Мөлдір Мұрат, облыстық Өнер музейінің сектор меңгерушісі:
Іс-шараның барысында жас ұрпаққа ұлттық құндылықты насихаттау, мәдени мұрамызды дәріптеу. Келе жатқан наурыз мейрамы құтты болсын! Әр шаңыраққа бақыт, береке, молшылық тілеймін.
Концерттік бағдарламаға «Қыдырәлі-Қарақат» мектеп-студиясының ұжымы қатысты. Жас өнерпаздар көрермендерге аспаптық және вокалдық нөмірлерін ұсынды. Бағдарламаның көркін белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қатысушылары ұсынған «Амандасу» салты қыздырды. Үлкенге деген құрмет пен жылы лебізді ілтипатты арқау еткен бұл ғұрып көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Айым Тұрғанбекова, «Қыдырәлі-Қарақат» мектеп-студиясы директорының орынбасары:
Бұндай іс-шаралар балаларға берері мол, жетігеншілеріміз өнер көрсетті, домбырашыларымыз өздерінің күйлерін тарту етіп, әнші қыздарымызды алып келдік. Осындай іс-шаралар жалғасын таба берсе екен дейміз.
Осылайша, өнер музейінде өткен шара өскелең ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруге бағытталған маңызды қадам болды.
Диана Мулдыканова, Ы. Алтынсарин атындағы №39 орта мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:
Бүгінгі жиынға мен 5-ші сыныбыммен бірге келдім. Талантты орындаушылар мен әдемі нөмірлердің барлығы дерлік, көңілімізден шықты. Оқушылар бұл кештен өздеріне ерекше шабыттанып қайтты. Олар алдағы уақытта да түрлі үйірмелерге қатысып, мұндай мазмұнды шараларға жиі келеді деп ойлаймын.
Мерекелік шара қазақтың дәстүрлі «Шашу» салтымен аяқталды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, өнер музейіндегі мұндай кездесулер игі дәстүрге айналған.
Аяулым Усинова