Облыс орталығында Ұлттық мектеп лигасының облыстық кезеңі басталды. Жарысқа өңірдің түкпір-түкпірінен келген 300-ге жуық жас спортшы қатысуда. Қатысушылардың дені аудандық және қалалық кезеңде жеңімпаз атанған оқушылар.
Спортшылар волейболдан «Шұбар доп», үстел теннисі, жеңіл атлетикалық кросс және шағын футболдан «Теңбіл доп» бойынша өзара кім мықтыны анықтайды. Жас спортшыларға қолдау көрсету үшін Олимпиада чемпионы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Ольга Рыпакова сайыс алаңына арнайы келді.
Ольга Рыпакова, Олимпиада чемпионы:
Кәсіби спортқа алғашқы қадам мектеп қабырғасынан басталатынына сенімдімін. Өзім де спортқа мектеп жасында келдім. Сондықтан, мектептегі білім беру жүйесін спорт бағытына бейімдеу арқылы болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге болады.
Биылғы додаға 7–8 және 9–11 сынып оқушылары қатысуда. Облыстың түкпір-түкпірінен келген жас спортшылар өз шеберлігін шыңдап, командалық бірліктің үлгісін көрсетуде.
Бұлбұл Қозыбаева, Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:
Мақсаты- балаларды салауатты өмір салтына шақыру. Дені сау ұрпақ тәрбиелеу. Қазіргі уақытта облыстық тур өтіп жатыр. Осыдан кейін ары қарай республикаға іріктеу болады.
Жалпы сайысқа спорттың 4 түрі бойынша 39 команда қатысуда. Жас өрендер жарысқа тыңғылықты дайындықпен келген. Олар жеңіс үшін бар күшін салуға ниетті.
Назлы Айтқалиева, Жарысқа қатысушы (Тарбағатай ауданы):
Біз Тарбағатай ауданынан 16-17 баладай келдік тренерлерімізбен. Мен өзім волейболға қатысқаныма 2 жылдай болды. Маған волейбол қатты ұнайды. 7 сыныптан бастап қатысып жүрмін.
Мектеп лигасының облыстық кезеңі жас спортшыларға тәжірибе жинауға, шеберлігін шыңдауға үлкен мүмкіндік алаңы.
Фатима Тілейханқызы