Риддерде жасөспірімдер арасындағы биатлоннан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Жеті күн бойы еліміздің үздік жас спортшылары бақ сынап, 16 медаль жиынтығын сарапқа салды. Қатысушылар 2007–2008 және 2009–2010 жылы туған екі жас санатында сынға түсті.

Жарысқа Ақмола, Солтүстік, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстарынан, сондай-ақ Алматы қаласы мен елдің өзге өңірлерінен келген спортшылар қатысты. Үлкен топта 2007–2008 жылы туған 23 ұл және 15 қыз бақ сынады. Ал орта топта 2009–2010 жылы туған 33 ұл мен 27 қыз жарыс жолына шықты.

Жарыс бағдарламасына бірнеше кезең кірді. Спортшылар жеке жарыс, спринт жарысында өз шеберліктерін көрсетті. Мұндай деңгейдегі турнирдің өтуі ұйымдастырушылардың үйлесімді жұмысының арқасында. Олар әділ әрі тартысты бәсеке үшін барлық жағдайды жасаған.

Ирина Шаяхмет, Риддер қ. «Олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің» спорт әдіскері:

Барлығы жоспарлы түрде өтті. Бұл жарысқа тыңғылықты дайындалдық. Мұнда 10 облыстан шамамен 100 спортшы қатысып жатыр. Сонымен қатар, ересектер арасындағы чемпионатқа дайындалып жүрген спортшылар да бар. Жасөспірімдер үшін бұл – негізгі, қорытынды республикалық жарыс. Сондықтан барлығы осы додаға бар күшін салуда.

Жарыс жолына шыққандар арасында тәжірибелі спортшылар да болды. Солардың қатарында халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы Галина Вишневская-Шепоренко да бар. Ол да жарысқа қатысып, өз әсерімен бөлісті.

Галина Вишневская-Шепоренко, Биатлоннан ҚР еңбек сіңірген спорт шебері:

Маған бұл сайыс қатты ұнады. Жаттықтырушылардың дайындығы, жалпы ұйымдастыру деңгейі жоғары. Жылы орындар да дайындалған. Мұндай жарыстар жастар үшін өте қажет деп ойлаймын. Қазір Олимпиада ойындары өтіп жатыр, жастар соған қарап, үлгі алады. Қазіргі таңда биатлон жақсы дамып келеді, федерация тарапынан қолдау бар. Барша спортшыларға сәттілік тілеймін.

Жаттықтырушылардың айтуынша, мұндай жарыстар спорттың дамуына серпін беріп, жас спортшыларға үлкен мотивация сыйлайды.

Михаил Дудченко, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы:

Ауа райы қолайлы, жол жақсы, ұйымдастыру жұмыстары да жаман емес. Біз балаларға қолайлы жағдай жасауға тырысамыз. Олар осындай жарыстар арқылы тәжірибе жинайды. Көпшілігі алғаш рет қатысып жатыр. Сондықтан бұл – болашақ ұлттық құраманың негізін қалыптастыруға бағытталған жұмыс.

Дәл мұндай бәсеке жастар спортының дамуына үлкен серпін берді. Ұйымдастырушылар мұндай дода алдағы уақытта жалғасын табатынын айтады.

Фатима Тілейханқызы