Оралхан Бөкей атындағы кітапханада қар барысына арналған көрме ашылды. Көрмеге 30 жылдан астам уақыт бойы жабайы жануарды зерттеп жүрген биолог-ғалымдардың еңбектері қойылған. Бар ғұмырын осы бір салаға арнаған отбасы жылдар бойы ғылыми жұмыстар жүргізіп, өз үлестерін қосып келеді.
Кітапханаға келушілер қар барысының өмірі мен тіршілік ету ортасы туралы, сондай-ақ оны қорғау шаралары жайында мол ақпарат ала алады. Көрмеде ғалым-биолог Ирина мен Олег Логиновтар отбасы түсірген фотосуреттер мен картиналар ерекше орын алады. Олар көп жылдар бойы қар барысын зерттеп, жабайы табиғаттағы жануардың өмірінен сирек сәттерді құжаттап келеді.
Руслан Бабиров, О. Бөкей атындағы кітапхананың бөлім меңгерушісі:
Қар барысына арналған көрме өтуде. Өйткені қар барысын қорғау және зерттеумен Ирина мен Олег Логиновтар айналысады. Шығыс Қазақстан облысы – бұл жануар мекендейтін өңірлердің бірі. Біздің кітапханада Ирина мен Олег Логиновтардың кітаптары да бар.
30 жылда биологтар талай зерттеу жасап, ғылыми әрі практикалық тәжірибе жинақтады. Көрме аясында Олег Логинов келушілерге қар барысының өмірі, оның мінез-құлқы мен тіршілік ету ортасы туралы және оны сақтау бағытында жүргізіліп жатқан кешенді жұмыстар жөнінде айтып берді.
Олег Логинов, биолог:
2010 жылы мен қар барысын қорғау жөніндегі ұлттық стратегияны әзірлеу бастамасын көтердім. Бұл бастама қорғау күштерін күшейтуге және мемлекеттік органдардың осы іске белсендірек тартылуына серпін беріп, кейін арнайы форумның өтуіне негіз болды. Нәтижесінде олар бұл бағыттағы жұмысты жандандыра түсті. Жаңа ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың құрылуының арқасында қар барысының саны тұрақтанып, тіпті арта бастады.
Логиновтар отбасының тарихы – ғылымға және табиғатты қорғау ісіне деген адалдықтың айқын үлгісі.
Салтанат Кеңесбекқызы