Риддер қаласында ұлттық киімдер дефилесі өтті. Шараға 10 команда қатысып бақ сынады. Қатысушылар сахнада ерекше киім үлгілерімен көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Наурызнама онкүндігінің бесінші күні - Ұлттық киім күні. Осыған орай Риддерде «Ұлттық киім - ұлттың айнасы-2026» атты қалалық байқау өтті. Шараны қалалық Тілдерді оқыту орталығы ұйымдастырды. Байқауға қатысушылар ұлттық нақыштағы киімдерін таныстырып қана қоймай, әр образдың мән-мағынасын сахналық қойылым арқылы жеткізді.
Нұрлан Зикенов, «Шаңырақ» көпсалалы мектеп-гимназиясының директоры:
Бұған біздің мектепібімізден 11 адам келіп қатысып ұлттық киімдерін көрсетті. Бұл дегеніміз өскелең ұрпаққа үйрету. Бүгінгі сайыс өте қатты ұнады.
Көрермендер әр команданы ерекше ықыласпен қарсы алып, қатысушыларға үлкен қолдау көрсетті. Әрбір өнер көрсету сахналық шоуға айналып, залда мерекелік көңіл-күй орнады.
Күләйхан Қанапиянова, №12 орта мектептің математика пәні мұғалімі:
Бүгін өте бір қуанышты күн. Ұлтық киімдерімізді дәріптей берейік. Мен бүгін қазақтың комзолын көрсетім және үлкен үлесімді қостым.
Байқауда Батыр, Томирис, Бойжеткен, Ұмай ана образдары ерекше көзге түсті. Қатысушылар ұлттық киімдерді заманауи үлгіде ұсынумен қатар, олардың тарихи және символикалық мағынасын ашып көрсетті.
Гүлзат Тарина, №16 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі:
Біздің образымыз бойжеткен образы. Образымызды аша алдық деп ойлаймын.
Жарыс қорытындысы бойынша І орынды №16 мектептің «Көктем керуені» командасы иеленді. ІІ орын «Болашақ» балабақшасының «Рухты ару» командасына бұйырса, ІІІ орынды «Шаңырақ» мектеп-гимназиясының «Қазына» командасы алды. Жеңімпаздар дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Бекарыс Секен