Облыс орталығында QyzAI – 2026 әйелдер бастамалары форумы өтті. Шара аясында өңірдің кәсіпкер әйелдері үшін бизнес, білім беру және IT саласының көшбасшыларымен диалог алаңы ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, жасанды интеллектіні жұмыс пен күнделікті өмірде қолданудың нақты кейстері таныстырылды. Форумға «Казцинк» компаниясы қолдау көрсетті. Компания өңірдегі әйелдер кәсібін және инновациялық бастамаларды дамытуға зор үлес қосып келеді.

Форумға өңірдің жүздеген тәжірибелі және жас кәсіпкер әйелдері қатысты. Олар заманауи мансап бағыттары мен болашақ мамандықтарды талқылап, AI-ассистент жасау, жеке брендті дамыту және шешендік өнер бойынша шеберлік сабақтарына қатысты. Сонымен қатар, фактчекинг бойынша практикалық тренинг өтті. «Казцинк» ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Андрей Лазаревтің айтуынша, компания әйелдердің дамуына және олардың цифрлық ортаға белсенді араласуына ықпал ететін жобаларды әрдайым қолдайды.

Андрей Лазарев, «Казцинк» ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры:

Әйел бейнесі – көбіне сұлулық, үй, жайлылықпен байланыстырылады. Ал, бұл қауымды цифрлық технологиялармен байланыстыру көпшілікке әлі де тосын жағдай көрінуі мүмкін. Бірақ, бүгінгі форум осы түсінікті өзгертеді деп ойлаймын. Себебі қазіргі таңда әйелдер болашаққа деген көзқарасты өзгертіп жатыр. Бұл жиында цифрлық технологияны күнделікті өмірмен қалай ұштастыруға болатынын көрсететін көптеген мысалдар ұсынылады.

Елена Березинская-Абилова, «Өскемен әйелдері» қауымдастығының төрайымы:

Шығыстың әйелдері республика бойынша әрдайым алдыңғы қатарда. Өңірде кәсіпкерлік пен әлеуметтік-бизнес өте қарқынды дамып келеді. Сондықтан, біздің әйелдердің бастамаларын жүзеге асыруға қолдау көрсеткен «Казцинк» компаниясына алғысымызды білдіреміз. Бұл форум әйел кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, түрлі бизнес қауымдастықтармен әріптестік байланыстар орнатуына серпін береді деп үміттенеміз.

Форум спикерлері ретінде бизнес саласының көшбасшы әйелдері сөз сөйлеп, өздерінің жетістіктерімен бөлісті. Сонымен қатар, кәсіпкерлікте жасанды интеллектіні енгізудің нақты мысалдарын ұсынды.

Александра Осипова, блогер:

Қазіргі медиа – бұл контент әлемі. Сондықтан, әрдайым жақсы көрініп, көтеріңкі көңіл-күйде болу маңызды. Қазір тіпті өзіңе AI-ассистент жасап, ақпаратты соның көмегімен таратуға болады. Жасанды интеллектіні қолданатындар көбірек контент жасап, соның арқасында аудитория жинай алады. Дегенмен, адамдық құндылықтарды да ұмытпау керек. Маңыздысы – тек құрал емес, айтылатын ой мен мазмұнды дүниенің болуы.

Форум қатысушылары мұндай жиындар –жаңа идеялар мен жобаларды жасауға мотивация беретінін атап өтті.

Гүлмира Сатаева, кәсіпкер (Алтай қаласы):

Біздің өз кафеміз бар. Қазір біз жасанды интеллектіні белсенді енгізіп жатырмыз. Мысалы, оны мәзір жасау, логотип әзірлеу сияқты жұмыстарда қолданамыз. Жақында логотипті «ChatGPT» көмегімен дайындадық. Жалпы, жасанды интеллект жұмыс барысында, әсіресе жарнамада көп көмектеседі. Форумда бірқатар әйелдердің сөз саптауы ұнады. Әсіресе, басшылық қызметтегі әйелдердің жұмыстағы тәжірибесі көрініп тұр. Өзіме көп пайдалы ақпарат алдым, әрі әлі де үйренетін нәрсе көп екенін түсіндім.

Форум тәжірибе алмасу, шабыт алу және жаңа таныстықтар орнату алаңына айналды. Бұл жиынға қатысқан әрібр жан үшін кәсіби дамуға жаңа мүмкіндіктер ашты.

Фатима Тілейханқызы